«ТалпынХалық – 2025»: Маңғыстау жас кәсіпкерлеріне мүмкіндіктер есігі ашылды
Тимур Құлыбаевтың Halyk қорының «Тәлімгер» жобасы Маңғыстау облысының колледж студенттеріне ауқымды мүмкіндік ұсынды. Жастар арасында бизнес-идеялар, жобалар және стартаптардың «ТалпынХалық – 2025» аймақтық байқауы басталды.
Байқаудың мақсаты мен ауқымы
Байқаудың негізгі мақсаты – жастардың кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, оларды инновациялық ойлауға баулу, жаңа жобаларды жүзеге асыруға, топта жұмыс істей білуге және заманауи кәсіп дағдыларын меңгеруге ынталандыру. Биылғы іс-шараны Тимур Құлыбаев бастаған Halyk қорының «Тәлімгер» жобасы кең көлемде өткізбек. Облыстағы барлық 26 колледжден 80-нен аса өтінім қабылданған.
Өтінім қабылдау және алғашқы іріктеу
Облыста 10–15 қараша аралығында өтінімдер қабылданды. Осы уақыт аралығында студенттер өздерінің тың идеяларын, өңір үшін маңызды, нарықта сұранысқа ие бола алатын жобаларын ұсынып, алғашқы қадамдарын жасады. 15–20 қараша күндері сараптау кезеңі өтіп, сарапшылар алқасы жұмыстарды жан-жақты бағалап, жобалардың маңыздылығы мен іске асу мүмкіндігін саралайды.
Нәтижесінде стартап-уикенд форматындағы жартылай финалға 40 жоба іріктелді.
«Бізге келіп түскен әрбір өтінімнен жастардың батылдығын, ізденісін және өз өңіріне пайда әкелуге деген шынайы ниетін көрдік. Таңдаулы 40 жобаны іріктеп алу оңай болған жоқ, өйткені көптеген идеялар шынымен де іске асыруға тұрарлық. Бұл жастардың әлеуеті Маңғыстаудың ертеңгі экономикалық дамуына қуатты серпін бере алатынын көрсетеді», – дейді сараптау комиссиясының өкілі.
Жобаның келесі қадамы қандай болмақ?
20–30 қарашада «Тәлімгер» орталығы онлайн менторинг жүргізіп, студенттерге жобаларын жетілдіруге көмектеседі. Қатысушылар презентация, питчинг, қаржылық модель және нарыққа бейімдеу дағдыларын меңгереді. Қарашаның соңында жартылай финал оффлайн өтеді: алғашқы күні тренингтер, келесі күні командалар өз жобаларын кәсіпкерлер мен сарапшылардан құралған жюри алдында қорғайды.19 желтоқсанда финалда стартапшылар жобаларын кәсіпкерлер мен инвесторларға таныстырады. Үздік жобалар Гран-при, 1–3 орындар және арнайы номинациялар, сертификаттармен марапатталады.
«Біз жастарды үнемі қолдаймыз. Ал бұл байқау – жай ғана жүлде үшін жарыс емес, әр студенттің өзіне деген сенімін оятып, кәсіпке алғашқы қадамын жасауына берілген мүмкіндік. Яғни, сөзбен айтылғанды іспен дәлелдеу алаңы. Біз үшін ең үлкен жеңіс – жастардың көзіндегі от, жаңа идеяға деген ұмтылысты көру», – дейді байқауды ұйымдастырушы «Тәлімгер» жобасының өкілі.
Айта кетейік, Halyk қоры бұған дейін де кәсіпкерлік пен білім беру саласында елеулі жұмыстар атқарды. Кейінгі жылдары серіктестерімен бірге 4000-нан аса мектепте кәсіпкерлік негіздері пәнін енгізіп, 130 мыңнан аса мектеп оқушысы мен 136 мың студентті қамтыды. 5,2 мыңнан аса мұғалім арнайы оқыту курсынан өтті. Енді бұл тәжірибе Маңғыстау облысында жүйелі әрі ауқымды түрде жалғасып, тұрақты нәтижеге қол жеткізу көзделіп отыр.