Сегіз ай бұрын жұмбақ жағдайда жоғалған Ерлан: соңғы көрген кім және туыстары кімнен күдіктенеді?
Маңғыстау облысында осыдан тура сегіз ай бұрын жұмыстан шығып кеткеннен кейін қайта оралмаған 34 жастағы Ерлан Есмағамбетов әлі күнге дейін табылған жоқ. Туыстары оның тірі екеніне үмітті және Ерланды тауып, нақты ақпарат берген адамға 2 миллион теңге сыйақы беруге дайын, деп хабарлайды otpannews.kz.
Ерланды 17 наурыз күні таңғы сағат 5.00 шамасында әріптесі Кендірлі демалыс аймағы маңындағы жұмыс орнынан бейтаныс көлікке отырғызып жіберген. Ерлан мінген көлікте тек жүргізуші ғана болған және оны соңғы болып көрген де сол адам. Ал бұл көліктің артынан тағы бір машина еріп жүрген. Оның ішінде жүргізуші мен бір жолаушы болған. Туыстары екі көліктің қатар қозғалғанын күдік тудырады деп отыр.
Ерланмен бірге жұмыс істеген әріптесі – жасы үлкендеу адам. Біз онымен өзіміз барып сөйлестік. Ол “Ерланның іші ауырды, содан қорқып жолға шығарып, жолай өтіп бара жатқан көлікке мінгізіп жібердім” деп айтты. Полиция да бізді сол көліктің жүргізушілерімен кездестірді. Олар “жолдан отырды, шамамен 10-15 минуттан кейін өзі түсіп қалды. Неге түскенін сұрамадық” дейді. Сол себепті біз осы жігіттерден күдіктеніп отырмыз. Ерлан барлық жеке затын, тіпті ұялы телефонын жұмыс орнында қалдырып кеткен, - дейді Ерланның анасы Гүлмира Есмағамбетова.
34 жастағы Ерлан Есмағамбетов отбасылы, екі қызы мен бір ұлы бар. Нұрлан Есмағамбетов ағасы жоғалған күннен бастап тынымсыз іздеп жүр. Айтуынша, жүруі мүмкін деген жердің барлығын дронмен де, жаяу да аралап шыққан. Ерланның жұмыс киімі жақында «Темір баба» қорымының маңынан табылған. Інісінің күртеше әдейі тасталған болуы мүмкін деп топшылайды.
Күртешені тапты деген жерге біз бұған дейін де бірнеше рет барып шыққанбыз. Маусымда қайта барған кезде ол жерде ештеңе болмаған. Өйткені бұл жолмен қорымға баратын адамдар күнде өтеді, көзге бірден түсер еді. Біреу әкеліп тастап кеткен секілді болып тұр. Мүмкін біреудің үйінде жүр ме, әлде біреу ұстап отыр ма, түрлі жағдайды ойлап отырмыз. Бірақ менің күдігім ағамды соңғы көрген сол үш жігітке түседі. Себебі олардың айтпайтын, түсініксіз жайттары көп. Сол себепті бәрін полиграфқа (өтірік детекторына) тексеруді қалаймын, - дейді Нұрлан Есмағамбетов.
Ерлан Есмағамбетов жоғалардың алдында әкесі ота жасатып жатқан. Анасы «балам әкесінің жағдайын біле тұра, хабарсыз кететін адам емес» деп отыр.
Туыстарының айтуынша, Ерланды соңғы көрген үш азамат полицияға берген түсініктемесінде былай деп жауап берген: «16 наурыз күні теңіз жағасында бір көлік батып қалды, кейін екінші көлік келіп, оны батпақтан шығаруға көмектесті. Шығарамыз дегенше таң атты, жолға шықтық. Сол кезде жолда тұрған Ерланның әріптесі көлікті тоқтатып, оны қалаға дейін алып кетуімізді өтінді».
Ал Маңғыстау облысының полиция депаратменті адам жоғалу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, барлық қажетті шараларды жасап жатқанын жеткізді.
- Қарақия аудандық полиция бөліміне адам жоғалу дерегі бойынша туыстарынан арыз түскен сәттен бастап қылмыстық іс қозғалды. Тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Жедел іздестіру шаралары әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Ерлан Есмағамбетов іздестіру есебіне қойылып, бүкіл ел бойынша полиция бөлімдеріне бағыттама жолданып, ақпарат берілді, - деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Туыстары Ерланды көрген-білген жан болса +7708 213 13 00 нөміріне хабарласуды сұрайды. Тауып берген адамға 2 миллион теңге сыйақы беруге дайын.