Ақтауда Тобанияз Әлниязұлының 150 жылдығына арналған республикалық конференция өтті
Ақтауда Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, ағартушы Тобанияз Әлниязұлының 150 жылдық мерейтойына арналған республикалық конференция өтті. Шараға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай және еліміздің әр өңірінен тарихшылар, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері мен өлкетанушылар қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жиында Тобанияз Әлниязұлының ел бірлігін нығайтудағы рөлі, ұлт мүддесі үшін атқарған еңбегі, ағартушылық бағыттағы қызметі жан-жақты талқыланды.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай өз сөзінде Т. Әлниязұлының өмір жолы бүгінгі қоғам үшін маңызды үлгі екенін айтты.
Тобанияз Әлниязұлының өмір жолы — біздің қазіргі Қазақстанды қалай құруымыз керектігінің нақты үлгісі. Ол әділдік, заңдылық және халық мүддесін бәрінен жоғары қою қажеттігін дәлелдеді. Бүгінде біз оның осы қағидаларын жаңа Қазақстанның әрбір саласына — білімге, құқыққа, әлеуметтік әділеттілікке енгізу арқылы ғана оның рухы алдындағы парызымызды өтей аламыз. Біздің міндетіміз — бабалар армандаған Әділетті Қазақстанды құру. Бүгінгі конференция — тарих алдындағы жауапкершілігіміздің айғағы. Біз осындай тұлғалардың өнегелі өмірін зерделей отырып, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен рухани тұтастық сезімін қалыптастырамыз. Еліңді сүю — ең алдымен білімді болу, өз ісіңнің адал маманы болу және туған жеріңнің тарихын ұмытпау деген сөз. Тобанияз Әлниязұлының есімі мен ерлігі мәңгілік ел жадында сақталып, ұрпаққа үлгі бола бермек, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
«Республика» партиясының төрағасы Нұржігіт Хайруллаев тұлғаның ел тарихындағы ерекше орнын атап өтті.
Тобанияз Әлниязұлы — тек Маңғыстау үшін емес, бүкіл қазақ халқы үшін біртуар азамат. Ол туған халқына адал қызмет етіп, ұлтқа деген перзенттік борышын өтеп, соның жолында құрбан болды. Оның ең үлкен еңбегінің бірі — қазіргі Маңғыстау облысының аумағын Қазақстан құрамына қосуға ықпал етуі. Оның еңбегін қай салада, қай бағытта да сағаттап айтуға болады, - деді Нұржігіт Хайруллаев.
ҚР мәдениет қайраткері Әбілхан Төлеуішов те тұлғаның елдік мүдде жолындағы қызметіне тоқталды.
Тобанияздың қоғамдағы көптеген мәселенің оң шешімін табуда, қазақтың тарихын зерделеуде өлшеусіз еңбегі бар. Ол Алаштың, жалпы қоғамның қайраткері болып қызмет атқарды. Оның есімі тарих бетінде мәңгіге сақталады. Маңғыстау жұртшылығына ризамын. Мектепке атын беріп, ескерткішін орнатты. Тобанияздың ел үшін еткен еңбегін, халқы үшін төккен терін біз ұмытпауымыз керек, - деді Әбілхан Төлеуішов.
Тобанияз Әлниязұлы — қазақтың тәуелсіздігі мен елдігі жолында еңбек еткен, әділдік пен отаншылдықтың символына айналған дара тұлға. Шара соңында қатысушылар оның мұрасын насихаттау қоғамның тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.