Қазақстанда 2026 жылы шамадан тыс несие алуды шектейтін жаңа құрал енгізіледі
Келесі жылдың бірінші жартысында қазақстандықтардың шамадан тыс қарыздануын тежеуге бағытталған жаңа макропруденциалды талап енгізіледі. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Ұлттық банк кіріске қатысты борыш коэффициентін (DTI) іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл — қарыз алушының төлем қабілетін бағалап, оның жалпы несие жүктемесін шектеуге мүмкіндік беретін халықаралық тәжірибеде кең қолданылатын тетік.
«Коэффициенттің нақты мәні есептеліп жатыр. Оны келесі жылдың бірінші жартысында енгіземіз»,- деді Тимур Сүлейменов.
Сонымен қатар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап банктердің табысына сараланған корпоративтік табыс салығы қолданысқа енгізіледі. Бөлшек кредиттеуден түскен кіріске 25%, бизнесті несиелеуден түскен кіріске 20% мөлшерлеме белгіленеді.
Ұлттық банк төрағасы бөліп төлеу арқылы сатып алу (BNPL) нарығын реттеу де жоспарланып отырғанын айтты. Үкімет пен агенттікпен бірлесіп әзірленетін бұл шара бөлшек саудадағы бөліп төлеудің проинфляциялық әсерін төмендетуге бағытталады.
Сүлейменов бюджет саясатына да тоқталып, жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің қабылдануы мемлекеттік қаржыны жоспарлау сапасын арттырып, Ұлттық қорға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Айта кетейік, Сенат отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2026–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды.