Мамандыққа алғашқы қадам: Студенттер дублер күніне қатысты
Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің студенттері «Қаражанбасмұнай» мекемесі өткізген дублер күніне қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Білім басқармасының мәліметінше, бұл бастама студенттердің кәсіби бейімделуіне, тәжірибе жинауына және өндіріс ортасын тереңірек түсінуіне мүмкіндік беруді көздейді.
Іс-шара барысында өндірісте пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехының басшысы Асылхан Сәлімгереев өз саласының қыр-сырын студент Берекет Ерсайынмен бөлісіп, жабдықтарды реттеу, жөндеу процестерін көрсетіп, жұмыс барысымен таныстырды.
Сол сияқты, өндірісті автоматтандыру цехының басшысы Ернұр Ізбасаров дублері Ақылбек Нұрбайға өндірістегі автоматтандыру жүйесінің жұмыс принциптері, технологиялық процестерді бақылау, деректерді жинау және талдау әдістері бойынша бағыт-бағдар берді.
- Бұл тәжірибелік форматта өткен күн студенттерге нақты жұмыс жағдайын көзбен көруге, сала мамандарынан тікелей үйренуге және болашақ мамандығына деген қызығушылығын арттыруға жол ашты. Әрі кәсіпорын тарапынан меншікті кадрларды даярлау мен қолдауға ерекше назар аударылып отыр дейді, - Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі директорының орынбасары Ғалия Қайратқызы.