Мазендеран – Иран туризмінің інжу-маржаны
Гүлденген Гүлстан
Иран Ислам Республикасының Ақтаудағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен және «RAD Travel», «Shifa Travel» туристік агенттіктерінің қолдауымен “Мазендеран - Иранның жасыл қақпасы” атты баспасөз туры аясында Маңғыстаудан жасақталған журналистер делегациясы Иран еліне жолы түсетінін білдік. Биыл Иран мемлекеті үшін күрделі саяси кезең болғаны мәлім. Журналистік дағдыға орай “қарулы қақтығыстан кейінгі ел тынысы қандай?” деген сауалдың жетегінде парсылар жұртына жол тарттық.
Маңғыстау өңірі мен Иран мемлекетінің мәдени-рухани байланысының түп-тамыры ықылым замандарға барып тіреледі. Сондықтан Маңғыстау мен Иранның сауда-экономикалық серіктестігі сан түрлі бағытты қамтиды. Жыл өткен сайын алыс-берістің артып, барыс-келістің көбеюі екі елдің қарым-қатынасының нығаюына оң ықпал етіп отыр. Қос тараптың арасындағы тауар айналымы шамамен 50 млн теңгені құрайды екен. Бүгінде Маңғыстау облысының орталығы - Ақтау қаласы мен Иранның Горган шаһарының арасында тікелей әуе рейсі іске қосылған, екі елдің теңіз порттары арқылы транзиттік жүк тасымалы жүзеге асырылады. «Иран-Түрікменстан-Қазақстан» темір жол дәлізін қалыптастыру жобасын жандандырудың жолдары қарастырылуда. Бұл алдағы уақытта Иран мен Маңғыстаудың арасында жүк пен жолаушылар ағыны ұлғайып, бірлескен жобалардың үлесі артады деген сөз.
Белгіленген күн, белгіленген сағатта маңғыстаулық бір топ журналист Ақтаудан Горганға ұштық. Бүгінде «Горган-Ақтау» арасын жалғайтын әуе рейсінің ұзақтығы бір жарым сағатқа жуықтайды. Бие сауым уақытта бөтен елдің босағасын аттаған біз паспорт бақылауынан өтіп, “Olympicus Gorgan” қонақүйіне бет алдық. Жолаушыға қажетті барлық дүниемен жабдықталған бөлмеге орналасып, ертесіне тау бөктеріндегі Горганның табиғатын тамашалауға аттандық.
Иран таулы қыратының етегінде орналасқан, бір шеті Хазар теңізімен шектескен Гүлстан провинциясының орталығы Горган - жылдан-жылға гүлденіп келе жатқан қала. Табиғат Гүлстаннан бар сыйын аямаған. Етегін ну орман көмкерген көгілдір таулы өлкенің бір тұсы көк теңізбен тұстасып жатуы - керемет көрініс. Горганның туристік әлеуеті зор. Көрікті табиғаты мен Шығыс сәулет өнерінің ең ежелгі ескерткіштері Гүлстан туризмін дамытудың басты тетігі деуге негіз бар. Тау баурайындағы туристік инфрақұрылымның деңгейі жоғары. Алатау бөктеріндегі әсем Алматыдай алып шаһарға шетелдіктердің қызығушылығы да артып келеді екен.
Бір-біріне тығыз және жапсарлас орналасқан тұрғын үйлерде, қан тамырындай тармақталған көшелерде тіршілік қазаны қыз-қыз қайнап жатыр. Әсіресе шағын кәсіптің кең қанат жайғаны байқалады. Қызмет көрсету мен сауда-саттық саласы дамыған. Қала халқы құжынаған құмырсқа илеуіндей. Жүйткіген автомобиль нөпірі, жол айрығында ерсілі –қарысы жөңкіген жұрт.
Климаты қоңыржай, топырағы құнарлы Иранның шығысындағы шырайлы шаһардың экономикасының негізін ауыл шаруашылығы саласы құрайды. Базарларды аралап жүріп, бау-бақша өнімдерінің бағасы біздің өңірмен салыстырғанда біршама арзан екенін аңғардық. Дүкен сөрелерінде ет-сүт өнімдері мен сусындардың түр-түрі, кептірілген жеміс-жидектер, жаңғақтар, ферменттелген көкөністер самсап тұр. Жалпақ тілмен айтқанда, Иранның экономикасының өзін-өзі қамту деңгейі өте жоғары. Сүті де, еті де, ең кемі шәйі мен шырпысы да өз жерінде өндіріледі.
Жергілікті қамту үлесін ұлғайту - ел дамуының өрісі екенін ескерсек, бұл Батыстың санкцияларына илікпеген Иранның экономикалық дербестігі мен саяси-әлеуметтік тұрақтылығының көрінісі деуге болады.
Бұдан бөлек, Гүлстан провинциясы Еуропа мен Азия елдеріне құс жұмыртқасын, жоғары сапалы ірімшік, өзге де сүт өнімдерін, құрма мен пісте, йод, балық азығын және ағаш-жаңқалы тақтаны экспорттайды. Желідегі деректерге жүгінсек, былтыр тауар айналымының құны шамамен 390 млн долларды құраған.
Бүгінде халық саны 400 мыңға жуықтайтын көрікті қалада Ирандағы қазақ диаспорасының басым үлесі қоныстанған. Жалпы бүгінгі таңда Ирандағы қазақтардың саны шамамен 8 мыңды құрайды, олар Гүлстан провинциясының Горган, Бендер Түркімен, Гонбад Каус қалаларында өмір сүреді. Баспасөз туры аясында біз Горгандағы қазақ ауылға аялдап, қандастардың тұрмыс-тіршілігіне көз жүгірттік.
Жат жұртта жүрсе де, тілі мен дініне, ділі мен дәстүріне берік Ирандағы қазақтардың туған жерге ықыласы ерекше, пейілі түзу.
Мұхаммед Роушан - шағын дүкеннің иесі. Жеміс-жидектер мен көкөністер сатумен айналысады. Адай руының Құнанорыс тақтасынан тараған ұрпақ өкілі тарихи Отанына қайта оралған туыстарға сәлемін жолдады.
- Жұмысым жақсы. Ұлым бар, мұнай-газ саласында қызмет етеді. Тұрмысымыз жақсы. Жастардың дені жоғары оқу орнында оқиды. Көбіне мұғалім, дәрігер, қаржыгер, құрылысшы мамандықтары сұранысқа ие. Ақтауда бір атадан тараған ағайындарым тұрады. Арадағы туыстық қарым-қатынас үзілмеген.Баршасына сәлемімді жолдаймын»,-дейді Мұхаммед Шадкам.
Жамиля Көрпе Иранда инженер мамандығы бойынша жоғары білім алып, қызмет еткен санаулы қазақ қызының бірі. Жамиля есім-сойы Маңғыстау халқына етене таныс, ғұлама ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш геолог Көрпе Ораз-Мұхаммед ахунның ұрпағы. Қазіргі таңда зейнетте. Ирандағы еңбекті қорғау жүйесінің бір ерекшелігі - еңбек өтілі отыз жылға толған азамат зейнетке шыға алады. Соның жарқын мысалы – Жамиля апа.
“Бойымызда қазақ ұлтына ғана тән қасиеттердің сақталуы, дәп-дәстүріміз мен дінімізден ажырамау атажұртты аңсап өткен ата-бабамыздың, әкелеріміздің тәрбие-тәлімінен деп білемін. Жастарымыз да осы жолдан жаңылмай келеді”,-дейді Жамиля Көрпе.
Ирандағы қазақ жастарымен де тілдесудің сәті түсті. Жастар атамекенге қоныс аударуға аса құлықты, алайда қазақ тіліне шорқақтығы елге келгенде үлкен кедергі боларын сезеді. Бұдан бөлек соңғы жылдары көші-қон саясатында туындаған түйіткілдер, шалғайдағы шығыс пен теріскейге қоныс аударудың қиындықтары алыстағы ағайынның атамекенге кедергісіз көшуіне тосқауыл болып тұр.
Турист назарында - табиғаттың теңдесіз сыйы
Іссапардың екінші күні бағдарлама кестесіне сәйкес Горган қаласынан Мазендеран провинциясына жол тарттық. Басты бағыт - Мазендеран облысының Баболь-Сари қаласы. Мұнда “Мизбан” атты Ирандағы танымал халықаралық қонақүй желісінде тұрақтадық. Осылайша ТМД елдерінен келген туристік агенттіктер мен бұқаралық ақпарат құралдары Мазендераның туристік орындарының әлеуетімен танысуға аттандық.
Алдымен Мазендеран өлкесінің ең көрікті жерлерінің бірі шырайлы Ширга шаһарына жолымыз түсті. Ширга қаласын Гиркан орманы жанап өтеді. ЮНЕСКО ұйымы қорғауындағы ну орман Әзербайжан мен Иранның арасындағы 850 шақырымға созылған алқапты алып жатыр. Иранның Гиркани ормандарының тарихы қырық миллион жылға жуықтайды. «Әлемнің табиғи мұражайы» деп әспеттелген орман аумағы шамамен екі миллион гектарға теңесіп, Иран жерінің 1,1 пайызын құрайды. Гиркани орманы Иранның бес облысын, атап айтқанда Гүлстан, Гилан, Мазендеран, Семнан және Солтүстік Хорасан облыстарын, сондай-ақ Әзірбайжан республикасының бір бөлігін алып жатыр. Ну жынысты, бұла табиғат баурайы алуан түрлі аң мен құстың алтын ордасы. Қазіргі таңда Гиркани орманын сілеусін, қоңыр аю, қасқыр, қорқау қасқыр, орман мысықтарының бірнеше түрі, бұғы, қара түлкі, ал Амоль аймағын Каспий жылқылары мекендейді.
Мазендеранның інжу-маржанына баланған бұл өлке мыңжылдықтарға ұласқан бай тарихымен, туристерді өзіне тартады. Ширга шаһарынан орманға темір жол желісі төселген. Иран халқы үшін табиғат аясында тыныстау қалыпты тұрмыс дағдысы деуге саяды. Геркан орманында дем алушылардың қарасы қалың. Тас қаланың қарбаласынан қашып, саялы орманның саф ауасын сіміріп,көкорай шалғында көңіл тынықтырған көпшілікті көрдік.
Ширга шаһарында бамбук бағын баптап отырғандар бар екен. Бағбанмен сұхбаттасқанымызда бақты күтіп-баптаудың басты мақсаты көрнекілік үшін екенін білдік. Ширга қаласынан кейін “Мизбан Форест” орман аумағындағы демалыс кампусына біраз аялдадық. Мұнда жайқалған жасыл желек аясында жанға жайлылық сыйлайтын барлық жағдай жасалған.
Гиркани орманының аумағында орналасқан “Mizban Forest” атты қонақүй кешенінің аумағы 87 гектарды құрайды. Қазіргі таңда туристік кешен құрылысының бірінші кезеңі аяқталды. Жоба жоспарына сәйкес 20 вилла мен 20 ағаш үйшік салу көзделген. Жанға сая жасыл мекенде барбекю әзірлеу алаңдары, велосипедге арналған жол, мейрамханалар мен кофеханалар жасақталған. Қарағайлы ормандағы қонақүйдің иесі Шахруз Рамазани Ниджат мырзамен тілдесудің сәті түсті. Ол Мазендеран облысының адам аяғы баспаған ну жынысты жасыл орманы мен айдын көлі, мәуелі жеміс ағаштары мен саялы бақтары шетелдік туристердің шынайы қызығушылығын тудыратынын айтады. Сондықтан өңірде туристер үшін тың саяхат бағдарларын ұйымдастыру, туристік инфрақұрылымды жақсарту, халықаралық туризм индустриясы тәжірибесіндегі басқару модельдерін енгізу бағытында бірқатар жобалар жасақталғанын мәлімдеді.
Иранның солтүстігіндегі Мазендеран облысында 22 қала бар. Баспасөз туры аясында біз бірқатар қалаларға аялдап, көрікті жерлерді көзбен көрдік. Соның бірі - Бехшехр қаласының жанындағы ЮНЕСКО биосфералық резерваттарының дүниежүзілік желісіне енген Миянкале қорығы. Каспий теңізінің шығыс жағалауымен шектескен Мианкале жарты аралын құстардың 250-ден астам түрі мекен етеді. Ал қыс пен күз мезгілінде климаты қатал Сібір аумағынан қанаттылар ұшып келеді. Біз Мианкале аумағында теңізден несібесін терген балықшылармен де жүздестік. Жергілікті халық теңізге ау салып, балықтарын базарда сатып күн көреді. Балық - ирандықтардың ұлттық ас мәзірінің ажырамас бөлігі.
Мианкале жарты аралында әлемдегі ең үлкен жабайы анар бағы орналасқан. Жергілікті тұрғындар анардан ұлттық ас – анар тұздығын дайындайды. Сондай-ақ бұл аумақта бірнеше шағын шаруа қожалықтары бар. Көк майсада жайбарақат жайылып жүрген желіні жер сызған сиырларды көзіміз шалды.
Мазендеран өлкесінің қойнауында табиғат байлығы бөгіп жатыр. Олардың қатарында нулы орманымен, көркі көз қуантатын белгілі Беренджестанак көлі бар. Мелдектей тұнған, сиқырымен арбап, сырымен баурап тұрған сиқырлы көлді жағалай орналасқан туристік нысандарға келушілердің қатары күн санап артып келеді екен. Айдынды қайықпен аралау, көк күмбезіне көз жүгірту керемет әсер сыйлайды. Біздің гид «Rad travel» агенттігінң өкілі Сажжад Шаликар жасыл желек көмкерген жұмақ- жердің жұпар ауасын жұтып, тынығып қайтуға тілек білдірушілердің қарасы көбейе түскенін айтады.
Біз бағыт алған Бехшехр қаласындағы туристер тынығуға арналған көрікті әрі ұлттық колориті басым орындардың бірі -Колбе Яғут қонақүйі. Тау етегінде орналасқан ғимараттың тарихы терең. Мұнда Мазендеран өлкесінің өткенінен сыр шертетін көне жәдігерлерден көрме жасақталған. Бехшехр өлкесінің ұлттық киім үлгісі де ерекше. Бүрмелі етекке жиектелген қызылды-жасылды жолақтар сол өңірдің алуан реңке малынған табиғатынан хабар береді. Колбе Яғут қонақүйінің қызметкерлері меймандостығымен, жылы шырайымен, кең пейілімен есте қалары анық.
Туристер таңданысын тудырған тағы бір ғажайып мекен – Нұр қаласының іргесіндегі Элималат көлі. Көл атауымен аталатын демалыс орталығында ойын алаңдары мен аттракцондар паркі, ойын-сауық кешендері мен дәмханалар орналасқан, бұдан бөлек сафари турлар, зип-байктар мен орман ішін квадроциклмен кезу қызметі ұйымдастырылған. Жабайы табиғат әлеміне саяхат, қалың жынысты орман қоршауында жыртқыштармен бетпе-бет жүздесу, адам табаны тимеген тау бөктеріндегі орманды өз бетіңше кезу туристке еркіндік сезімін сыйлары сөзсіз.
Өндірісі өрге басқан өңір
Мазендеран - Иран елінің ішкі нарығындағы жетекші дамушы өңірлердің бірі. Географиялық орналасуы мен өнеркәсіптік инфрақұрылымы, сондай-ақ жоғары сапалы қызмет көрсету секторы өңірге шетелдік туристік компаниялармен серіктестік орнатуға мүмкіндік береді.
Біз Мазендеран провинциясының Амоль қаласында орналасқан апельсин бақтарының бірін аралап, Ирандағы ең танымал жемісті өсірудің қыр-сырымен таныстық. Мазендеран өңірінде цитрусты жемісті өсірудің өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Көшені кезген жан үй ауласында жайқалған апельсин ағаштарын көреді. Себебі ирандықтар үшін апельсин шырыны мол жеміс ғана емес, жайлылық пен молшылықтың, береке мен несібенің нышаны. Ал Мазендеран облысының қоңыржай климаты апельсин жемісін өсіруге өте қолайлы, сондықтан өңір цитрус өсімдіктерін өсіруден ел бойынша үздік көрсеткішке ие. Баспасөз туры барысында апельсин бағының иесі Ушанге Паридар мырзамен әңгімелескен едік.
«Апельсин өсіру - біздің әулеттің басты табыс көзі. Атадан балаға жалғасып келе жатқан кәсіп. Біздің бақтың аумағы 3 гектарды құрайды. Апельсин жылусүйгіш өсімдік болғандықтан, ауа райына байланысты цитрус жемістерінің өнімділігі жылына 20-50 тоннаға жетеді. Өнімді ішкі және сыртқы нарыққа шығарамыз Алдағы уақытта апельсин алқабын ұлғайтуға ниеттімін”,-дейді кәсіпкер.
Бұдан бөлек Ушанге Паридар ат баптап, асау үйретуге құмар екенін айтты. Оның сөзіне сүйенсек, асауды үйрету – сыртқы күш ғана емес, ішкі сабыр мен ақылдың жеңісі. Паридар әулеті туристерге арналған ұлттық стильдегі қонақүй қызметін ұсынады. Ежелгi қолөнер бұйымдары мен иран халқының ұлттық мәдениетiмен тығыз байланысты дүниелер қонақүй көркiн аша түскен. Кешенде туристер атқа мініп, серуендей алады. Немесе апельсин бағын аралайды. Табиғат-Ананың таңғажайыбын сезініп, мәуелі бақтан мейірім-шапағатқа бөленеді, жасыл желек адам жанын көктемнің күніндей жадыратады.
Осы сапарда біз Иранда жеміс шаруашылығы индустриясының дамуы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үлесі жоғары екеніне көзіміз жетті. Елімізде азық-түлік сегментінде отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің кейбір түрінің үлесі жоғары болғанмен, басым көпшілігі әлі де төмен деңгейде. Оның дәлелі – жемістер мен көкөністердің дені шетелдерден әкелінеді. Біз бұдан елімізде сұрыптық саясатты дұрыс жүргізу, заман талабына сай технологияларды қолдану, кадрларды даярлау және қайта даярлау, оңтүстік өңірлерде ірі бау-бақша кәсіпорындарын құру, қажетті материалдық-техникалық және қаржы құралдарымен қамтамасыз ету қажеттігін түсінеміз.
Мазендеран өңірі шай алқаптарымен де аса танымал. Шай ішу- адамдар арасындағы әңгіменің көрігін қыздырып қарым –қатынасты өрбітуге септігін тигізетін дәнекер ретінде ирандықтардың тұрмыс мәдениетіне дендеп енген дәстүр. Әдетте иран халқы қызыл күрең шәйді самаурында немесе шәйнекті отқа қойып демдейді. Сырты түрлі нақыштармен бедерленген жез самаурын – иран халқының ұлттық дәстүрін, қонақжайлығын, дастарқан мәдениетін айрықша көрсететін ерекше өнер туындысы, жауһар жәдігері. Самаурындар ирандықтардың үй интерьерінің ажырамас бөлігі екенін де аңғардық.
Иран қалаларында шәйханалар жиі кездеседі. Әдетте мұнда ер азаматтар бас қосып, шәй ішіп, әңгіме-дүкен құрады. Экономикалық тұрғыдан айтқанда Иран бүгінде шай өндірісі бойынша көшбасшы елдердің тізіміне енеді екен. Бұл сапарда Мазендеран өңірінің Тонекабон қаласы маңындағы шәй алқаптарын аралаудың сәті түсті. Тау етегінде тұтасып өскен шәй түптерінің көрінісі де әсем. Мұнда шәйдің түр-түрі өседі екен. Әдетте әлемдегі ең танымал сусынның сапасы шәй жапырақтарын жинау, кесу, кептіру, үгіту технологияларына тікелей тәуелді.
«Бұл шәй алқабының аумағы 28 гектарды құрайды. Біздің бұл кәсіппен айналысып келе жатқанымызға 28 жыл толды. Шәйді экспортқа шығарамыз. Шәй-күй талғамайтын, тамырлы, көпжылдық өсімдік. Дегенмен жер қыртысы мен климаттық жағдайлардың өзгерісін жылдам сезінеді. Жапырақтары кезектесе орналасқан, қалемше тәріздес, жылтыр, шеттері өткір тісті. Шай жас жапырақтардан, оның бүрлерінен өндіріледі”,-дейді шәй алқабының меңгерушісі Ширзад Әлиниор.
Әр халықтың шәйді әзірлеу дәстүрі де әр алуан. Ирандықтар табиғи жапырақты шәйді тұндырып, дәмді әрі хош иісті шәй ішкенді ұнатады. Тонекабон қаласында шәй фестивальдері ұйымдастырылады екен. Мұндай іс-шаралар өлкенің туристік әлеуетін көрсетумен қатар жергілікті бағбандар мен шәй өндірісі нарығында еңбек ететін жұмысшыларды қолдауға бағытталады.
Ежелгі өркениет ошағы
ЮНЕСКО-ның мәліметтеріне сүйенсек, Иран әлемде тарихи ескерткіштер саны бойынша Египет пен Италиядан кейінгі үшінші орында. Бұл ел - бес мың жылдан астам тарихы бар ежелгі Парсы патшалығының жұрнағы, әлемдік өркениеттің бесігі. Ғажайып тарихи жәдігерлер, айнамен айшықталған ерекше мешіттер, Шах сарайлары мен керемет сәулет ескерткіштері - мыңжылдықтар бойы адамзат ақыл-ой жетістіктерінен құралған материалдық және рухани мәдениет қазынасы. Сырын ішіне бүккен көне тарихтың қатпарлы да тылсым құпияларына тұнып тұрған Шах қазыналары, ежелгі қалалар мен керуен-сарайлары кез келген туристті өзіне бурайды. Иран еліне сапарымыздың тағы бір күні Альборз таулары баурайында орналасқан Бехшехр қаласы маңындағы Аббас-Абад тарихи кешені мен бағын тамашалауға арналды. Бұл бақ инженерлік тапқырлық пен ландшафтық дизайнның керемет үлгісі деуге келеді. Мәдени және тарихи құндылыққа ие аталған нысан Иран халқының шеберлігі мен тапқырлығының айғағы және ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасы ретінде танылған.
Аббас Абад кешені Иран тарихындағы ең ескі сәулет ескерткішінің бірі. Бақ сарайын 1020 және 1021 һижра жылдары Сефевид әулетінің әйгілі өкілі Шах Аббас I тұрғызған. Аббас Абад бағының аумағы 500 гектарға жетеді. Көне тарихи кешеннің аумағында бөгеттер мен су ағынын бақылау мұнарасы бар. Бақ аумағында ұзындығы 600 метрге жуықтайтын су желілері жүргізілген.
«Бехшехр қаласының туристік әлеуеті өте зор, Табиғаты көрікті, туристік нысандар да алуан түрлі.Былтыр біздің қалаға шамамен 180 мың турист келді. Шетелдік туристердің дені – Еуропа мен Қытайдан және Қазақстан елінен»,-деп атап өтті Бехшехр қаласы туризм басқармасының басшысы Мұхаммед риза Мұхаммед пур Халили.
Мейманына мейірбан халық
Иран еліне іссапар аясында Мазендеран облысы әкімдігінің ресми өкілдерімен кездестік. Атап айтқанда өңірлік экономика және туризм басқармасының өкілдері ТМД елдерінен келген туристік агенттіктер мен БАҚ өкілдерімен жүздесіп, елдің туризм саласындағы мүмкіндіктері, даму жоспары және ауқымды жобалар туралы мәліметпен бөлісті. Иранға келетін шетелдік туристердің санын ұлғайту – басты стратегиялық міндет екенін ескеріп, Иран туралы жадағай ұрандар мен жалған түсініктерден арылту үшін елдер арасындағы байланысты бекітудің маңызына тоқталды.
Расында да, тарихы мен мәдениеті бай Иран еліне сапар таным көкжиегімізді кеңейтіп, білімімізді ұштай түскені анық. Әсіресе «Иранның жасыл қақпасы» атанған Мазендеран өлкесінің сауда-экономикалық әлеуеті зор екеніне көзіміз жетті. Бұлай түйін жасауға басты себеп - Сари, Ноушехр және Рамсар қалаларының әуежайлары арқылы жолаушылар ағынының айтарлықтай өсімі тіркелген, теміржол көлігі және теңіз инфрақұрылымы дамыған, су ресурстарының мол қоры шоғырланған. Облыс аумағы электр қуатын тасымалдау желілеріне жақын. Бүгінде стратегиялық маңызы зор «Оңтүстік-солтүстік» халықаралық көлік дәлізінің желісінде орналасқан Амирабад, Ноушехр, Феридункенар теңіз порттары транзит және экспорттық-импорттық бағыттардағы жүктерді қабылдау мен жылдам қызмет көрсету үшін қажетті озық инфрақұрылым нысандарымен қамтылған. Сонымен қоса, Ноушехр және Амирабад арнайы экономикалық аймақтарында инвестияциялық тартымдылықты арттырып, капитал ағыны үшін қолайлы климат қалыптастыру бойынша жұмыстар жетілдірілген. Сонымен қатар климаты қолайлы жағажайлар мен әсем табиғатты тау баурайлары Мазендеран өңірінің туристік — рекреациялық мүмкіндіктерінің аясын кеңейтеді.
Мазендеран – Иран туризмнің маржаны екені даусыз. Сіз мұнда көркі көз қуантатын табиғатты да, қол қусырған күтушіні де, үлде мен бүлдеге орайтын күтімді де табасыз. Бұдан бөлек руханият қазынасының қойнауына сүңгіген адам көл-көсір олжаға жолығады. Ол олжа – рухани байлық, мейманына мейірбан Мазендеран халқының риясыз пейілі.
Голрох Жеменей