"Сұлтан" балабақшасының жаңа бастамасы: Экожоба арқылы ұлттық құндылыққа баулу
Ақтаудағы №61 “Сұлтан” балабақшасында мектеп жасына дейінгі балаларды шығармашылыққа баулу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында жаңа экожоба ашылды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Ұлттық құндылықтарды насихаттау мен тазалық мәдениетін қалыптастыруды басты назарға алған жобаға Ақтау қаласы бойынша білім бөлімінің «Оқу-әдістемелік орталығы» ММ, «Алтын оймақ» қолөнерді қолдау қоғамдық қоры, «ТазаLike» қоғамдық қоры, Ақтау қаласы бойынша білім бөлімінің «Оқушы орталығы» ММ және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының директорлары, әдіскерлері мен педагогтері қатысты.
“Мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылық қабілеттерін ұлттық қолөнер арқылы дамыту және экологиялық мәдениетін қалыптастыру” тақырыбында жан-жақты мазмұнды тәрбиелік іс-шара өтті. Басты мақсаты – ұлттық қолөнер дәстүрлерін мектеп жасына дейінгі балаларға қолжетімді, әрі қызықты етіп таныстырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту. Сондай-ақ балалардың эстетикалық талғамын қалыптастырып, қоршаған ортаны қорғауға баулу, экологиялық тәрбиені жүзеге асыру, қалдықтарды сұрыптауды үйрту”,- деді жоба ұйымдастырушылары.
Жиын барысында “Жасыл балабақша: Қалдықтарды сұрыптаймыз – табиғатты қорғаймыз!” атты жоба аясында жасалған “Жасыл әлемге алғашқы қадам” экобұрышы ашылды.
Сондай-ақ педагог, ата-ана және балалар қатысуымен “Қазақы жауһар – ұрпаққа аманат!” және “Табиғатты қорғаймыз-болашақты сақтаймыз!” тақырыптарында көрме ұйымдастырылды.
Одан бөлек күнделікті тұрмыста қажетсіз болып қалған бұйымдарды сұрыптауды үйрететін “Үйден шыққан қалдық-бөбекжайда бұйым” атты шеберлік сағат та өтті.
Жиын соңында “Тоқыма өнері – бөбекжайда” жобасының жоспары бойынша тоқыма өнері шеберханасының ашылып, мерекелік концерт өтті. Балабақша тәрбиеленушілері өз өнерлерін көрсетіп, көрерменге көңіл-күй сыйлады.