Otpan News Logo

Тәуелсіздікпен құрдас энергетиктің еңбек жолы

Тәуелсіздікпен құрдас энергетиктің еңбек жолы

2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Осы бастама аясында еңбек адамының қоғамдағы рөлі айқындалады. Солардың бірі – энергетика саласының маманы, Тәуелсіздікпен құрдас Бегалы Қадырханов.


Бегалы энергетикаға қызығушылығын мектеп қабырғасында қалыптастырды. 2008 жылы Маңғыстау энергетикалық колледжіне оқуға түсіп, оқу кезінде «МАЭК» ЖШС-де өндірістік тәжірибеден өтті. Колледжді аяқтаған соң, 2012 жылы ЖЭО-1 мекемесінде электромонтер ретінде еңбек жолын бастады.


Ол электр қозғалтқыштары мен күштік трансформаторларды, 6–110 кВ жоғары кернеулі жабдықтарды жөндеу және қызмет көрсету жұмыстарына қатысты. Уақыт өте келе тәжірибесі артып, біліктілік деңгейі 4-разрядтан 7-разрядқа дейін көтерілді.


– Мен елдің Тәуелсіздігімен қатар өстім. Әр кезеңнің өз қиындығы болды. Бірақ таңдаған мамандығымнан айныған емеспін. Бұл салада алғашқы қиындықта тоқтап қалмай, үнемі іздену маңызды. Сол кезде ғана тәжірибе мен сенімділік қалыптасады, – дейді Бегалы Қадырханов.


2022 жылдан бастап релейлік қорғаныс және автоматика бағытына ауысып, қазіргі таңда РҚА аппараттары мен микропроцессорлық жүйелерді жөндеу және қызмет көрсету жұмыстарын атқарады. Оның міндетіне жабдықтарды тексеру, ақауларды жою, жаңа жүйелерді орнату және баптау кіреді.


Қызметімен қатар Бегалы КАЗИТУ университетін «Электроэнергетика» мамандығы бойынша тәмамдады. Ол жұмысшы маман үшін үздіксіз білім алу мен кәсіби даму маңызды деп есептейді.

66
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!