Бір сала - бір әулет: Тлепбергеновтер отбасы халыққа жылу мен су жеткізу қызметінде адал еңбек етеді
Өңір инфрақұрылымының дамуына елеулі үлес қосып жүрген Тлепбергеновтер отбасы Ақтаудағы «Каспий жылу, су арнасы» МКК-де 34 жыл бойы еңбек етіп келеді. Бір шаңырақтың үш мүшесі аймақ тұрғындарын сумен және жылумен тұрақты қамтамасыз етуге атсалысып жүр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Отбасының тірегі Бақыт Тлепбергенов – «Каспий жылу, су арнасы» мекемесінде сумен қамту қызметінің учаске бастығы болып 16 жыл қызмет атқарған тәжірибелі маман.
Шаңырақтың отанасы да осы кәсіпорынның дамуына өз үлесін қосып келеді. Ол энергоқорларын өткізу департаментінде энергоқорларды өткізу жөніндегі техник болып жұмыс істейді. Еңбек өтілі – 16 жыл.
Өндірістік есеп жүргізу, энергия ресурстарының қозғалысын бақылау – дәлдік пен ұқыптылықты талап ететін маңызды жұмыс.
Әке жолын жалғаған Серікжан Тлепбергенов бүгінгі күні жылу және сумен қамту қызметінің шебері. Ол бұл салада 2 жылдан бері қызмет атқарады.
Серікжан КЖСА-дағы еңбек жолын 2023 жылы энергоқорларды өткізу департаментінде контролер лауазымынан бастады. Кейін сорғы қондырғыларының операторы, бұдан соң шебер қызметіне көтерілді.
Әріптестерінің айтуынша, Серікжан – өз ісіне тиянақты, еңбекқор, тапсырманы уақытылы әрі сапалы орындайтын жас маман.
Ол ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы өндіріс саласында еңбек етіп жүрген мамандарға ерекше қолдау болғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл шешім елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына ықпал етумен қатар, қарапайым жұмысшылардың мәртебесін арттыруға жол ашты.
«Каспий жылу, су арнасының» жұмысшылары – қаланың үздіксіз тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды мамандар. Олар халыққа жылу, таза ауыз су және техникалық суды уақытылы жеткізіп, желілердің қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуін қадағалайды. Олардың еңбегінің арқасында тұрғындар қыста жылы үйде отырады, тәулік бойы суға қол жеткізеді және коммуналдық жүйелердің авариясыз жұмыс істеуіне сенім артады. Бұл қызмет – қала өмірінің негізін ұстап тұрған үлкен жауапкершілік пен еңбекті талап ететін маңызды сала, - деді Серікжан Тлепбергенов.