Ақтауда мерзімді қызметін өтеген сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салды
Ақтаудағы ҚР Ұлттық ұланының 6656 әскери бөлімінде 200-ден астам сарбаз мерзімді қызметін аяқтады. Осыған орай бөлімде салтанатты шара өтіп, әскери қызметін адал атқарған сарбаздарға алғыс білдірілді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қызметін абыроймен атқарғандардың бірі — Исатай Шыңғыс. Ол әскерде жүріп төзім, тәртіп және жауапкершілік сияқты маңызды қасиеттерді меңгергенін айтады. Бір жыл бойы Исатай қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету шараларына қатысып, қаладағы тыныштықты сақтауға үлес қосты.
Әскер ең алдымен әр ер азаматқа қажет төзімділікті үйретеді. Алдағы мақсатым – аман-есен үйге, ата-анама оралу. Мен 1-батальонның 1-ротасында қызмет атқардым. Командирлеріміз білікті әрі әрдайым қолдау көрсетіп отырды. Оларға және жолдастарым мен қарулас достарыма алғыс айтамын, — деді Исатай Шыңғыс.
Салтанатты іс-шараға әскери бөлім басшылығы, мерзімді қызметтегі сарбаздар, құқық қорғау органдарының өкілдері және ардагерлер қатысты. Қызмет барысында көзге түскен сарбаздар арнайы алғыс хаттармен және төсбелгілермен марапатталды, ал олардың ата-анасына алғыс хаттар табысталды.
Сарбаздар бір жыл бойы біздің қатарымызда болып, антқа адалдық танытып, тапсырылған міндеттерді жауапкершілікпен орындады. Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы, өңірлік қолбасшылық және 6656 әскери бөлімі атынан оларға алғыс хаттар мен марапаттар табыстадық, — деді ҚР Ұлттық ұланы 6656 әскери бөлімінің командирі Болатбек Мұхамбетқалиев.