Otpan News Logo

Маңғыстауда жол апатынан зардап шеккен науқасқа сирек кездесетін операция жасалды

Маңғыстауда жол апатынан зардап шеккен науқасқа сирек кездесетін операция жасалды

Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында нейрохирургия саласындағы сирек әрі жоғары кәсіби шеберлікті талап ететін күрделі операция сәтті жасалды. Ота жол-көлік оқиғасы салдарынан ауыр жарақат алған науқасқа жүргізілді, деп хабарлайды otpannews.kz облыстық аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Науқаста бірінші мойын омыртқасының одонтоидты өсіндісі (С1) мен екінші мойын омыртқасының доғасы (С2) сынғаны анықталған. Жарақаттың ауырлығына байланысты ол ауруханаға түскен алғашқы күні клиникалық өлім жағдайын өткерген. Осыған байланысты науқас жедел түрде жансақтау бөліміне жатқызылып, дәрігерлердің тұрақты бақылауына алынған.


Нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Думан Мырзабековтің айтуынша, С1–С2 деңгейіндегі жарақаттар адам өміріне аса қауіпті.


«Бұл аймақта ми бағанасы орналасқан. Ол тыныс алу, жүрек соғысы, қозғалыс пен сезімталдық қызметтерін басқарады. Омыртқаның осы бөлігіндегі кез келген қозғалыс жұлынның зақымдалуына және ауыр салдарға әкелуі мүмкін», - деді дәрігер.


Ота барысында зақымдалған С1 және С2 омыртқаларын тікелей бекіту мүмкін болмағандықтан, фиксация желке сүйегі мен оның астындағы сау мойын омыртқалары арқылы жүргізілген. Анатомиялық ерекшеліктер стандартты бұрандаларды қолдануға мүмкіндік бермеген.


«Сондықтан асимметриялық әрі жоғары дәлдікті талап ететін арнайы бекіту әдісін қолдандық. Бұл тәсіл науқастың ерте қозғалуына жағдай жасайды», - деп түсіндірді нейрохирург.


Күрделі операция сәтті өтіп, науқас отадан кейінгі алғашқы күні өкпені жасанды желдету аппаратынан ажыратылды. Ал келесі күні өздігінен қозғала бастаған. Қазіргі уақытта ол аурухананың оңалту бөлімінде ем қабылдап, қимыл-қозғалысты қалпына келтіру жаттығуларын жасап жатыр.


Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда жоғары технологиялы нейрохирургиялық оталарды жасауға мүмкіндік бар және тәжірибелі мамандар қызмет атқарады.

65
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!