Бейнеуде мектеп қызметкерінің еңбек құқығын өрескел бұзған директор жауапқа тартылды
Маңғыстау облысында «Бейнеу жалпы білім беретін мектеп» КММ-де еңбек заңнамасының бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департаменті қызметкердің шағымы негізінде жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Тексеру барысында мамандар мектеп әкімшілігінің 2025 жылғы 22 тамызда қызметкер «жұмысқа келмеді» деген акт толтырғанын анықтаған. Алайда инспектор Бауыржан Кемаловтың айтуынша, жұмыс беруші заңда белгіленген міндетті рәсімдерді орындамаған.
Жұмыс беруші еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес жұмыскерден түсініктеме талап етпеген, жұмыскерді актімен таныстырмаған, сол күні мектеп директоры еңбек қатынастарын тоқтату туралы бұйрық шығарған, жұмыскерді аталған бұйрықпен де таныстырмаған. Бұл еңбек заңнамасында белгіленген тәртіптің өрескел бұзылуы болып табылады. Факті бойынша жұмыстан босату Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көзделген ең қарапайым рәсімдердің өзі сақталмай жүзеге асырылған, - дейді Бауыржан Кемалов.
Тексеріс кезінде қызметкердің нақты жұмыс істегеніне қарамастан, еңбек шарты мүлде жасалмағаны анықталды. Заң бойынша еңбек қатынастары тек еңбек шарты бекітілгеннен кейін ғана күшіне енеді.
Осы фактілерге байланысты мектеп директоры ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 86-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Құқық бұзушылықтарды жою және олардың қайталануына жол бермеу үшін мектепке міндетті нұсқама енгізілген.
Еңбек инспекциясы білім беру ұйымдарын еңбек заңнамасын қатаң сақтауға шақырады. Еңбек шартысыз жұмысқа қабылдау немесе заңда көрсетілген тәртіпті сақтамай жұмыстан босату –заңсыз. Мұндай жағдайлар анықталған жағдайда кінәлі тұлғалар міндетті түрде жауапқа тартылады.