Маңғыстауда Орталық Азиядағы тұңғыш теңіз аквашаруашылық жобасы іске қосылды
Маңғыстау облысында Қазақстанның және Орталық Азияның аквашаруашылық саласындағы тарихи жобасы басталды. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай 12 желтоқсанда Құрық портынан 20 шақырым қашықтықта, Каспий теңізінің айдынында орналасқан, теңізде балық өсіруге арналған алғашқы ферманың жұмысымен танысты, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Бұл бастама Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру және аквашаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында іске асырылуда. Жобаны «Organic Fish» ЖШС жүзеге асыруда.
Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай жобаның ерекшелігін атап өтіп, оның өңір экономикасы үшін стратегиялық маңызын айрықша атады:
«Бұл Қазақстандағы теңізде балық өсірудің алғашқы тәжірибесі. Жоба өңір экономикасын дамытуға, агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және заманауи, жоғары технологиялы сектор құруға мүмкіндік береді,» – деді облыс әкімі.
Биыл іске қосылған бұл ферма – Орта Каспийге орнатылған ірі нысандардың бірі. Мұнда диаметрі 120 метр және тереңдігі 25 метр болатын, норвегиялық технологиямен жасалған тор қоршамалары қолданылған.
Каспий теңізінің таза суы, тұрақты табиғи ағыстары және экологиялық қолайлы жағдайы мұнда албырт (лосось) тұқымдас балықтарды өсіруге ерекше мүмкіндік береді.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сай, фермаға балық жіберу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Бұған дейін «Organic Fish» ЖШС 30 мың дана балық шабағын жіберген еді. Әкімнің сапары кезінде тор қоршамаларға шамамен 6 000 кг болатын тағы 30 000 данаалбырт шабағы салынды.
Компанияның жоспары өте ауқымды:
• 2025 жылдың соңына дейін: Жалпы 20 тоннаға дейін албырт балығын жіберу көзделіп отыр.
• 2026 жылы: Жылына 300 тонна балық өндіру.
• 2029 жылға қарай: Жылына 5 000 тоннаға дейін балық өндіру.
Бұл жоба Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, импортты алмастыруға және жоғары технологиялы жаңа саланың қалыптасуына елеулі үлес қоспақ.