Otpan News Logo

Ақтауда жүлде қоры 3,5 млн теңгені құрайтын IT турнир басталды

|
13.12.2025 12:59
Ақтауда жүлде қоры 3,5 млн теңгені құрайтын IT турнир басталды

Бүгін Ақтауда “Digital Mangystau 2025 IT Forum” басталды. Форум аясында қатысушылар 2 бағыт бойынша бақ сынайды. Басты мақсат – өңірдің цифрлық болашағын қалыптастыру, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Мектеп оқушылары мен колледж, университет студенттерін бір алаңға тоғыстырған байқау өтеді. Аталған іс-шараға жастардан бөлек, облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, қала әкімі Әбілқайыр Байпақов пен өңірдің үздік IT мамандары қатысты. 


Біздің ұлттық кодымыз – ең жақсы қасиеттерге бай. Халқымыз – әрқашан өсуге ұмтылатын, ізденіпмаз, әрі алғыр жұрт. Сондықтан жастарымыздың қауқары көп жетістікке жеткізетініне сенімдімін. Өңір жастары әлі талай IT саласында жоғары белестерді бағындырады. Сондай жетістіктерге жету үшін әкімдік тарапынан әрқашан қолдау көрсетіледі. Алдағы уақытта IT стартап, жасанды интеллект сияқты жаңа бағыттарды бала кезден меңгерту үшін арнайы мектептер ашу да жоспарымызда. Цифрлық трансформация, жасанды интеллект дамыған елдің экономикасы мен өзге де саласы қарыштап дамитынына сенімдімін,- деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай. 


Бүгінгі форумда “цифрлық трансформация және болашақ жұмыс орындары”, сондай-ақ “Киберқауіпсіздік мәдениеті: жастар, кадрлар, заң және тәртіп, цифрлық сауаттылық” атты 2 панельдік сессия өтеді. Алғашқы сессия аясында жастарға 2 түрлі жарыс ұйымдастырылған. 


Алғашқысы – Startup Battle. Ол – өңірлік инновациялық экожүйенің дамуына серпін беретін, ең озық технологиялық идеяларды анықтауға бағытталған кәсіби байқау. Бұл бағытта 11 команда өзара бақ сынайды. Жүлде қоры – 2,5 млн теңге. 

 

Ал екінші бағыт – жас инженерлер мен робототехника саласының әуесқойларына арналған жоғары технологиялық “Robo Leaguе” сайыс алаңы. Бұл турнирдің жүлде қоры - 1 млн теңге. Сондай-ақ барлық қатысушыларға 25 000 теңге көлемінде техникалық дүкенге сертификаттар берілмек. 


Өңір деңгейінде цифрлық мамандарды әзірлеу жолында осындай жобалар маңызды рөл атқарады.  Бүгінгі форум аясында жасанды ителлект, цифрану тақырыптарында маңызды ақпараттар беріліп, білікті спикерлер сөз сөйлейді. Спикерлер қатарында Yandex Qazaqstan GR-директоры Мейірбек Мұқатов пен IT талдаушы, "IT-тірлік"бірінші онлайн журналының авторы Тимур Бектұр бар. Олардан бөлек өңірдің алдынғы қатарлы IT мамандары да жастарға бағыт сілтеп, олардың жобасын талдамақ. Бүгінгі жиын – цифрлық өнеркәсіптің дамуына серпін беретін бастама. Екі бағыттағы жарыстан бөлек, Google Developer Groups ЖИ және воркшоптар туралы сабақ өткізеді,- деді Mangystau Hub жетекшісі Айгерім Мажтай.  


Форумдағы ең  жас қатысушылардың бірі – Санжар Әмірхан. Енді ғана жоғары сыныпқа аяқ басқан жеткіншектің тобы 6,7-сынып оқушыларынан құралған. 


Мен “S7-RobOrda” тобының капитанымын. Бүгін біз жарыста робот құрастырамыз. Арнайы берілген тапсырма бойынша код жазып, жоғары нәтиже көрсетуге ұмтыламыз. Осыған дейін де бірнеше жарысқа қатыстық. Бірақ әлі жүлде ұтып, жеңімпаз болып көрмедік. Дегенмен, осы салаға жақында келгендіктен әр сайыста өз қателігімізді көріп, өзге топтармен тәжірибе алмасып жүрміз,- деді 13 жасар Санжар Әмірхан.


97
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!