Ақтауда «Сауатты бол» жобасы аясында өңірлік жастар жиыны өтті
Ақтауда Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» идеясын ілгерлету мақсатында «Сауатты бол» өңірлік жастар жиыны өтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жиынның мақсаты - жастардың құқықтық, қаржылық, діни, медиа, мәдени, цифрлық сауаттылығын арттыру.
Іс-шара барысында жастарға 4 бағыт бойынша ақпарат берілді. Атап айтқанда, мәдени сауаттылық бойынша «Қазақстан КВН одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен сөз сөйледі. Қаржылық сауаттылық бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев бірнеше кеңес берді. Сондай-ақ құқықтық сауаттылық бойынша Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары Сәкен Самет «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында жастардың өз құқықтарын білуі мен оны заң аясында қорғай алуының жолдарын айтты. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Құралбек Ғайбуллаев жеке деректерді қорғау және әлеуметтік желілердегі жауапкершілік пен заң талаптарын сақтау жөнінде нақты мысалдар келтірді.
Дәулет Мұқаевтың айтуынша, іс-шара жастардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берумен ашық әрі еркін форматта өтті.
-Жастар өз ойын ашық айтып, өзгелердің пікірін құрметтей алуы керек. Осындай кездесулер жастардың ой-өрісін кеңейтіп, қоғамда белсенді әрі жауапты азамат болып қалыптасуына көмектеседі. Бүгінде жастардың көпшілігі қаржыны дұрыс жоспарламай, қиындықтарға тап болып жатады. Сондықтан табысты қалай тиімді бөлу, артық шығыннан қалай сақтану және несие алу кезінде неге мән беру керектігін білу өте маңызды. Қаржылық сауатты адам өз болашағын алдын ала ойлайды және кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдай алады,- деді Дәулет Мұқаев.
Жиын модераторы Есен Елеукен кездесуді стэндап форматында өткізіп, өңір жастары белсене қатысқанына ризашылығын білдірді.
-Бүгінгі кездесуді стенд-ап форматында өткізуіміздің себебі – жастармен еркін тіл табысу. Ресми баяндамадан гөрі, ашық әңгіме жастарға түсінікті әрі қызықты болды. Өңір жастары белсенділік танытып, өз ойларын ашық айтты, нақты сұрақтар қойды. Мұндай кездесулер жастардың өзіне сенімді болуына және өмірлік маңызды мәселелерді дұрыс түсінуіне көмектеседі. Сондықтан жастардың белсенділігіне ризашылығымды білдіремін,- деді Есен Елеукен.
Кездесу соңында панельдік пікірталас өтті. Қатысушылар спикерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өмірде кездесетін нақты жағдайлар бойынша пікір алмасты. Іс-шара еркін әрі пайдалы форматта өтіп, жастарға жаңа білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік берді.