Биыл Caspi Bitum зауытын жаңғырту аяқталды
2025 жылғы Үкімет қызметін қорытындылау аясында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, энергетика саласын дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды otpannews.kz ҚР Үкіметіне сілтеме жасап.
Есепті кезеңде Үкімет Мемлекет басшысының бастамасымен мұнай-газ секторын, жанар-жағармай материалдары нарығын және мұнай өңдеуді қамтитын ауқымды реформаларды жүзеге асыру ісін жалғастырды.
Мұнай-газ саласындағы жылдың басты оқиғасы Теңіз кен орнындағы болашақ кеңейту жобасының толық аяқталуы болды. Зауыттың үшінші буынын пайдалануға беру мұнай өндірудің жылына 12 млн тоннаға өсуін қамтамасыз етті, бұл экспорттық кірістің тұрақты көзін қалыптастырады және ұлттық экономиканың әлеуетін арттырады.
«2025 жылы қуаттылықты арттыру, өнім сапасын арттыру және ғылыми-технологиялық шешімдерді енгізу қағидаттарына негізделген мұнай өңдеу саласын дамытудың 2040 жылға дейінгі ұзақмерзімді өндірістік бағдарлары бекітілді. Жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту және қуаты жылына 10 млн тоннаға дейін жететін жаңа МӨЗ жобасын жүзеге асыру есебінен мұнай өңдеу көлемін жылына 18 млн-нан 39 млн тоннаға дейін арттыруды көздейді», — деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Сонымен қатар министрі Ерлан Ақкенженов биыл CaspiBitum зауытын жаңғырту аяқталғанын атап өтті. Нәтижесінде кәсіпорынның қуаты жылына 1,5 млн тоннаға дейін, ал битум өндірісі жылына 750 мың тоннаға дейін артты.