«Ақтау теңіз порты» АЭА аумағы екі есеге ұлғайды
«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының аумағы екі есеге кеңейтілді. Қазіргі таңда АЭА аумағы халықаралық Ақтау әуежайын қоса алғанда 9 814,503 гектарды құрады, деп хабарлайды otpannews.kz.
АЭА баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 5 желтоқсандағы қаулысымен «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының шекаралары мен мақсатты индикаторлары жаңартылды. Қаулы 2025 жылы 9 желтоқсаннан бастап күшіне енеді.
Құжатқа сәйкес, арнайы экономикалық аймақ Қазақстан Республикасының ажырамас бөлігі. Сондай-ақ ол порттық типтегі арнайы экономикалық аймақ мәртебесіне ие.
АЭА аумағы Маңғыстау облысының Ақтау және Жаңаөзен қалалары, сонымен қатар, Мұнайлы, Қарақия және Түпқараған аудандарының әкімшілік-аумақтық шекаралары шегінде, бекітілген жоспарға сәйкес орналасқан.
Айта кетейік, бұған дейін «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының аумағы 4 407,503 гектарды құраған еді.