Ақтауда «Таза Маңғыстау» челленджі мен «Үздік аула – 2025» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Ақтауда «Таза Маңғыстау» 45 күндік әлеуметтік-экологиялық челленджінің салтанатты жабылу рәсімі өтті. Шара аясында экологиялық бастамаға белсене қатысқан тұрғындар мен ұйымдар, сондай-ақ «Үздік аула – 2025» қалалық байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Экологияны қорғау мен тазалық мәдениетін қалыптастыруды мақсат еткен жоба Маңғыстау облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымының ұйымдастыруымен өткізілді. 45 күнге созылған челлендж өңір тұрғындарын күнделікті экологиялық әдеттерге баулып, «Таза Қазақстан» ұлттық бастамасын қолдауға бағытталды.
Шара барысында қатысушылардың экочеллендж аясында жариялаған үздік жұмыстары ұсынылып, бейнероликтер мен слайд-шоулар көрсетілді.
Салтанатты жиында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Игілікұлы Қилыбай құттықтау сөз сөйлеп, экологиялық мәдениетті қалыптастыру – бір реттік науқан емес, ұзақ мерзімді ортақ міндет екенін атап өтті.
«TAZA Mangystau» экочелленджінің қорытындысы бойынша жеке қатысушылар арасында 1-орынды Нәсіпқали Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейдің география пәні мұғалімі Гульнара Мустакова иеленіп, 1 миллион теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. 2-орын Тұтқабай Әшімбаев атындағы №11 лицейдің 3-сынып оқушысы Ясмина Аманғалиеваға бұйырып, ол 600 мың теңгемен марапатталды. Ал 3-орын Ақтау қаласының тұрғыны Азамат Байсуповке беріліп, жеңімпаз 400 мың теңге алды.
Ясмина Аманғалиева Тұтқабай Әшімбаев атындағы №11 лицейдің 3-сынып оқушысы. Қазақстанның кішкентай тұрғыны бола тұра, туған табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы арқылы кішкентайларға да, үлкендерге де үлгі көрсетіп келеді.
«Мен төрт жасымнан бастап сенбіліктерге қатысып, ананың белсенділігіне қарап бой түзедім. Осы 45 күндік экочеллендж барысында мен күнделікті экологиялық әдеттерді қалыптастыруға арналған бейнеролик түсіріп, оны әлеуметтік желіде жариялап отырдым. Бұл челлендж менің блогымның тақырыбын табуға көмектесті. Алдағы уақытта да экологияға деген қызығушылығымды жалғастырғым келеді. Шынында мен бүгін жеңімпаз болатынымды білген жоқпын. Қатты қуаныштымын», – дейді Ясмина Аманғалиева.
Ұжымдық санатта 1-орын «Жасыл жебе» волонтерлық клубына лайық деп танылып, команда 2,5 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлықпен марапатталды. 2-орынды Мамандандырылған IT лицей командасы иеленіп, 1,5 миллион теңгеге қол жеткізді. Ал 3-орын «7Iyceum. Parlament» (EcoTaim) командасына бұйырып, 1 миллион теңге алды.
«Үздік аула – 2025» қалалық байқауы тұрғындардың, бизнес өкілдері мен аула сыпырушылардың қала аумағын абаттандыруға қосқан үлесін бағалауға бағытталған. «Үздік тұрғын үй кешенінің ауласы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған 17-шағын аудан, 21-үй тұрғындары. Аула атынан Арман Нұрғазиев марапат алды. Бұл аула тазалығы, ұйымшылдығы және көркем келбетімен ерекшеленді.
«Үздік бизнес-аумақ» номинациясы бойынша «Евро» дүкенінің аумағы үздік деп танылып, марапат дүкен өкілі Светлана Емельяноваға табысталды.
«Үздік аула» номинациясы бойынша:
• 3-орын – 3б шағын аудан, 8-үй тұрғындары, марапат Ирина Николаеваға берілді;
• 2-орын – 12-шағын аудан, 42-үй тұрғындары (Татьяна Никоненко) және 13-шағын аудан, 54-үй тұрғындары (Виктор Антишка);
• 1-орын – 9-шағын аудан, 29-үй тұрғындары, жеңімпаз Людмила Мурашко.
«Үздік кіреберіс» номинациясында:
• 3-орын – 17-шағын аудан, 21-үй тұрғыны Арман Нұрғазиев;
• 2-орын – 12-шағын аудан, 42-үй тұрғыны Татьяна Никоненко;
• 1-орын – 15-шағын аудан, 69-үй тұрғыны Ерлан Баймұханов.
«Үздік аула сыпырушы» номинациясы бойынша:
• 3-орын – «Ақтау Сервис Құрылыс» ЖШС өкілдері Гүлполат Ризбаева және Сұлвухан Бадашова;
• 2-орын – «Жанболат» тұрғын үй кешенінің аула сыпырушысы Мырзабек Бердиханов;
• 1-орын – Нәсіпқали Марабаев атындағы №7 лицейдің қызметкері Базарбай Сандыбаев.