Тәуелсіздік толқынында тәрбиеленген инженер
«Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясы» акционерлік қоғамы» – облыста электр энергиясын беру мен таратудың негізгі операторы, аймақтағы электр қуатының 90 пайызын тұтынатын ірі мұнай-газ компанияларын сенімді энергиямен қамтамасыз етіп отырған стратегиялық кәсіпорын. Осындай жауапкершілігі жоғары компаниядағы Релелік қорғау және автоматика қызметінің жетекші инженері болып қызмет атқаратын Нұрлыбек Сембаев – әке жолын қуған, Тәуелсіздік рухымен қалыптасқан жас маман. Біз кейіпкерімізбен елмен бірге есейген ұрпақтың көзқарасы, энергетика саласының дамуы, еңбек пен жауапкершілік туралы әңгімелескен едік.
– Нұрлыбек Өмірбайұлы, сіз Қазақстан Тәуелсіздігімен құрдас азаматсыз. Егемен елмен бірге өскен балалық шағыңыз жадыңызда қандай әсерлерімен сақталды?
– Тәуелсіздік кезеңінде дүниеге келіп, сол дәуірдің тынысын сезініп өсу – мен үшін үлкен мақтаныш. Балалық шағым еліміздің жаңа бетбұрыс жасап, болашаққа сеніммен қадам басқан уақытымен тұспа-тұс келді. Үлкендердің ел туралы үмітпен сөйлегені, «жаңа Қазақстан», «өз жолымыз» деген сөздер санамызға ерте сіңді. Мектепте оқып жүрген кезімізде мемлекеттің дамуын, жаңа нысандардың салынып жатқанын көріп өстік. Біз – мүмкіндіктері кеңейген, таңдау еркіндігі бар алғашқы буынбыз деп ойлаймын.
– Бүгінде сіз Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясында еңбек етесіз. Энергетика саласын таңдауыңызға не себеп болды?
– Бұл таңдауда әкемнің ықпалы зор болды. Әкем де энергетик, өзі де ұзақ жылдар МӨЭК жүйесінде еңбек еткен. Балалық шағымда оның жұмысына қызығып, құрал-саймандарын, сызбаларын көріп өстім. Әкемнің жұмысқа деген жауапкершілігі, тәртібі мені осы салаға жетеледі. Сондықтан энергетика мен үшін жай ғана кәсіп емес, бұл – отбасылық дәстүр, әке жолын жалғау. Қазір сол сенімді ақтауға тырысып келемін.
– Сіздің қызметіңіз – релелік қорғау және автоматика саласы. Бұл бағыттың маңызын қарапайым тілмен қалай түсіндірер едіңіз?
– Релелік қорғау және автоматика – энергетикалық жүйенің «жүрегі» деуге болады. Бұл жүйе электр желілерін, қосалқы станцияларды апаттан қорғап, ақау туындаған сәтте автоматты түрде әрекет етеді. Яғни, біз электр қуатының қауіпсіз әрі үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етеміз. Қателікке жол беруге болмайтын, аса дәлдік пен жауапкершілікті талап ететін сала.
– Тәуелсіздік жылдарында еліміздегі энергетика саласында қандай өзгерістерді байқадыңыз?
– Соңғы жылдары сала айтарлықтай жаңарды. Бұрын қолмен атқарылатын көп жұмыс қазір автоматтандырылған, цифрлық басқару жүйелері енгізілген. Жаңа қосалқы станциялар салынып, заманауи қорғаныс құрылғылары орнатылды. Қауіпсіздік деңгейі де едәуір артты. Өз саламда да техниканың, бағдарламалық қамтамасыз етудің жаңарғанын күнделікті сеземін.
– Жұмыс барысында жиі кездесетін қиындықтар қандай?
– Әрине, қиындықсыз жұмыс болмайды. Әсіресе қолайсыз ауа райы кезінде желілердің зақымдануы, трансформаторлардың істен шығуы, қорғаныс құрылғыларының қате қосылуы сияқты жағдайлар жиі кездеседі. Мұндай сәттерде біз бір команда болып әрекет етеміз. Диагностика жасап, өлшеулер жүргізіп, ақаудың нақты себебін анықтаймыз. Мұнда сабырлылық пен кәсіби тәртіп өте маңызды.
– Есте қалған ерекше оқиғаңыз бар ма?
– Бірде қатты боран кезінде ірі электр желісінде апат болды. Ауа райы өте қолайсыз еді. Соған қарамастан бірнеше сағат бойы ақауды іздеп, зақымдалған учаскені жөндедік. Электр қуаты қайта қосылғанда ауыл тұрғындарының қуанышын көрдік. Сол сәт мен үшін ерекше әсерлі болды. Жұмысымыздың нақты нәтижесін сондай кезде анық сезінесің.
– Болашағыңызды қалай бағамдайсыз?
– Менің болашағым – Қазақстанмен тығыз байланысты. Энергетика саласында өз білімімді тереңдетіп, кәсіби деңгейімді арттырғым келеді. Жаңа технологияларды меңгеріп, білікті инженер ретінде ел игілігіне қызмет етуді мақсат етемін. Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне өз үлесімді қосу – мен үшін үлкен абырой.
– Ел Тәуелсіздігінің құрдасы ретінде жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Энергетика саласына келгісі келетін жастарға айтарым: қорықпай қадам басу керек. Бұл сала үздіксіз білім мен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпсіздік ережелерін терең меңгеру – кәсіби маманның басты міндеті. Ең бастысы – өз ісіңді сүю, еңбекқор болу керек, сонда ғана нәтижеге жетесің.
– Әңгімеңізге рахмет!