Тәуелсіз елдің теңіз қақпасы: Құрық порты – еркін Қазақстанның жаңа дәуірдегі символы
Тәуелсіздік – тек саяси еркіндік қана емес, ол экономикалық дербестік, жаһандық кеңістікке өз жолыңмен шығу. Осындай тарихи мәні бар нысандардың бірі – тәуелсіз Қазақстанның алғашқы теңіз порты – Құрық. Ол елдің транзиттік әлеуетін арттырып қана қоймай, Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі маңызды логистикалық мүшесіне айналдырды. Otpannews.kz сайтының тілшісі дербес елде салынған алғашқы порттың қалыптасуы мен бүгінгі қызметі туралы зерттеп көрді.
Құрық порты Мемлекет басшысының 2014 жылғы 11 қарашада жарияланған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын іске асыру аясында, сондай-ақ «Жаңа Жібек жолы» жобасының маңызды буыны ретінде бой көтерді. Бұл – тәуелсіз елдің стратегиялық ойлау қабілетінің, ұзақмерзімді дамуға бағытталған саясатының нақты нәтижесі.
Порттың Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің шығыс жағалауында, Бекович-Черкасский шығанағындағы табиғи қойнауда орналасуы – кездейсоқ таңдау емес. Бұл аймақ теңіз жағдайы жағынан қолайлы, ауа райы тұрақты, сондықтан жыл бойы жұмыс істеуге мүмкіндік мол. Табиғаттың өзі бұл өңірді теңіз қақпасына айналдыруға қолайлы алаң ретінде ұсынғандай.
Құрық порты Қазақстанның көлік-логистика саласын жаңа деңгейге шығарды. Ол Каспий маңы елдері арасындағы паром қатынасын дамытып, халықаралық логистиканы нығайтты. Ең бастысы – еліміздің транзиттік және экспорттық әлеуетін арттырып, Қазақстанды Шығыс пен Батысты жалғайтын сенімді көпірге айналдырды.
Бүгінде Құрық порты Құрық-Баку (Алят)-Құрық бағыты бойынша тұрақты түрде жүк тасымалын жүзеге асырып отыр. Бұл бағыт Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің негізгі желілерінің бірі саналады.
Құрық арқылы астық, мұнай және мұнай өнімдері, металл бұйымдары, тыңайтқыштар, химиялық өнімдер, дөңгелекті техника, халық тұтынатын тауарлар және Қытай мен Орталық Азия елдерінен Әзербайжан, Грузия, Түркия, Шығыс Еуропаға және кері бағытта өтетін транзиттік жүктер тасымалданады.
Порттың жобалық жылдық өткізу қабілеті – 6 млн тонна. Оның ішінде теміржол айлағы – 4,1 млн тонна, автокөлік айлағы – 1,9 млн тонна. Бұл көрсеткіштер Құрықты Каспий аймағындағы ірі логистикалық тораптардың қатарына қосады.
Қазіргі таңда Құрық портында шамамен 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың 48 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар. Бұл порттың тек инфрақұрылымдық емес, әлеуметтік маңызын да айқындайды. Жастар кадрлық резерві қалыптасып, ұлттық компаниялар деңгейінде өсіп жатқан жас мамандар да бар.
Құрық – Қазақстанды тікелей Әзербайжанмен байланыстыратын бірегей паром порты. Ал одан әрі жүк легі Кавказ, Түркия, Еуропа елдеріне бағыт алады. Осылайша, порт Орталық Азия, Қытай, Таяу және алыс шетел арасындағы маңызды логистикалық артерияға айналды.
Теміржол және автокөлік паромдары арқылы Құрық порты Қазақстанды Әзербайжан, Грузия, Түркия және Еуропамен жедел мультимодальды байланыспен қамтамасыз етеді. Ол Орта дәлізді күшейтіп, солтүстік және оңтүстік бағыттарға тәуелділікті азайтады. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның өз транзиттік жолын қалыптастырудағы батыл қадамы.
Құрық порты Маңғыстау облысының экономикалық дамуына тың серпін берді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, көлік-логистикалық кластер қалыптасты, инфрақұрылымға инвестиция тартылды. Аймақтың экспорттық мүмкіндігі кеңейіп, Каспий арқылы әлемдік нарыққа шығу жолы жеңілдеді.
Құрық порты – бұл жай ғана теңіз айлағы емес. Ол – тәуелсіз Қазақстанның экономикалық еркіндігінің, жаһанмен терезесі тең ел болуға деген ұмтылысының айқын көрінісі. Тәуелсіздік алғалы ашылған алғашқы порт өңірдің өсіп, елдің өркендеуіне көп ықпал етері анық.