Otpan News Logo

Сот төрелігін жетілдіру - уақыт талабы

|
07.10.2026 11:12
Сот төрелігін жетілдіру - уақыт талабы
Конституциялық сот

Судья ретінде Конституциядағы сот жүйесіне қатысты соңғы өзгерістерді елімізде құқықтық мемлекет негіздерін одан әрі нығайтуға бағытталған стратегиялық маңызды қадам деп бағалаймын. Сот билігінің түпкілікті мұраты – азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерін мүлтіксіз қорғау, қоғамда әлеуметтік әділдік қағидатын орнықтыру және заң үстемдігін айнытпай сақтау.


Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экономикасы дамыған әрі тұрақты мемлекеттердің барлығында тәуелсіз сот билігі басты мемлекеттік институттардың бірі ретінде қалыптасқан. Инвесторлардың сенімі, кәсіпкерліктің дамуы, азаматтардың құқықтарының қорғалуы және жалпы елдегі құқықтық тұрақтылық тікелей сот жүйесінің тиімділігіне байланысты. Сондықтан Конституциядағы сот жүйесіне қатысты өзгерістер еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, құқықтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және халықаралық деңгейдегі беделін нығайтуға да оң ықпал етеді.


Сот төрелігінің басты қағидаттарының бірі – заң алдында бәрінің теңдігі. Лауазымына, әлеуметтік мәртебесіне немесе материалдық жағдайына қарамастан, әрбір азаматтың құқығы заң аясында бірдей қорғалуы тиіс. Бұл қағидат Конституцияның негізгі құндылықтарының бірі болып қала береді және соттардың күнделікті қызметінде бұлжымай сақталуы қажет.


Қазіргі кезеңде сот саласының ашықтығы, жариялылығы және қолжетімділігі сияқты мәселелер ерекше өзектілікке ие болып отыр. Әрбір азаматтың өз құқығын сотта қорғауға тең мүмкіндік алуы, сот процестерінің заң талаптарына сай таза өтуі және шығарылған шешімдердің заңды әрі әділ болуы – қоғамның құқықтық санасы мен мәдениетінің өсуіне тікелей ықпал етеді.


Бұл ретте сот қызметін ауқымды цифрландыру, іс жүргізу рәсімдерін оңтайландыру (бюрократиядан арылту) және сот төрелігін жүзеге асыру тетіктерін жетілдіру – уақыт талабы. Мұндай жаңашылдықтар тараптардың уақытын үнемдеп, артық кедергілерді жояды, сәйкесінше, бүкіл сот жүйесінің жұмыс тиімділігін арттырады.


Сот билігіне қоғам тарапынан қойылатын талаптар да айтарлықтай өсті. Азаматтар сот шешімдерінің тек заңды ғана емес, әділ, түсінікті әрі негізді болғанын қалайды. Сондықтан судьялардың кәсіби біліктілігімен қатар, олардың адамгершілік қасиеттері, адалдығы, бейтараптығы мен жоғары жауапкершілігі де ерекше маңызға ие. Қоғамның сотқа деген сенімі дәл осы қағидаттардың нақты іске асырылуына байланысты қалыптасады.


Қорыта айтқанда, Конституция аясындағы сот жүйесіне қатысты енгізілген өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың сенімді әрі берік институционалдық кепілдіктерін қалыптастыру, сот билігінің тәуелсіздігін одан әрі нығайту, сот төрелігінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру және мемлекетте заң үстемдігінің толық салтанат құруын қамтамасыз ету. Бұл реформалар – құқықтық мемлекет құру жолындағы жүйелі жұмыстың заңды жалғасы. Өз кезегінде сот жүйесі де осы жоғары жауапкершілікті терең сезіне отырып, қоғамның сеніміне лайық қызмет етіп, Конституция мен заңның үстемдігін қамтамасыз ету жолында адал еңбек ете береді деп сенемін.


Лариса КЕНЖЕЕВА,

Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың

істері жөніндегі мамандандырылған

ауданаралық сотының судьясы

89
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!