Цифрлы Маңғыстау: медицинадағы жасанды интеллект және IT жастарына арналған жаңа мүмкіндіктер
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ — Мемлекет басшысы «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттер» атты Қазақстан халқына Жолдауында телекоммуникациялық желілерді, деректер орталықтарын белсенді дамыту, киберқауіпсіздіктің халықаралық стандарттарын енгізу және бейінді мамандардың құзыреттілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Байланыс саласы басым бағыттарды серпінді дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенінде маңызды рөл атқарады.
Маңғыстау облысының цифрлық технологиялар басқармасы мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін атқарушы Атамұра Балтабай атқарылып жатқан жұмыстар туралы тілшіге айтып берді.
Медицина мен білім беруді цифрландыру
– Атамұра Балтабайұлы, бұған дейінгі материалымызда ауылдық елді мекендерді интернетпен қамту, тасжолдардағы байланыс және жаңа технологияларды дамыту мәселелері туралы айтқан едіңіз. Келесі тақырыпқа көшсек, медициналық жасанды интеллект жүйелерін (мысалы, медициналық суреттерді талдауға арналған PULS AI жүйесін) облыс ауруханалары мен емханаларында тестілеу және енгізу жұмыстары қай кезеңде?
– Облыстың медициналық ұйымдарында жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары басталды. Мәселен, Plus AI компаниясының PULS AI жүйесі облыстағы 34 стационарлық медициналық ұйымның төртеуіне орнатылды. Бұл жүйе медициналық құжаттардағы қателер мен сәйкессіздіктерді анықтауға көмектеседі, сондай-ақ дәрігерлерге қосымша ұсынымдар береді.
Қазіргі таңда жүйе төрт медициналық мекемеде қолданылады. Олар: облыстық тері-венерологиялық диспансері, Жаңаөзен көпбейінді ауруханасы, облыстық аурухана және облыстық фтизиопульмонология орталығы.
Мұндай шешімдер медицина қызметкерлерінің күнделікті жұмысын жеңілдетіп, пациенттерге көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.
– Өңір мектептері мен колледждерін цифрландыру жұмыстары қалай жүргізілуде? IT саласындағы жаңа білім беру жобалары қолжетімді ме?
– Өңірде мектеп оқушылары мен студенттер арасында IT бағытын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осындай жобалардың бірі – AI Startify. Ол жастарға жасанды интеллект саласындағы өз идеяларын дамытуға көмектеседі.
Жобаға қатысу тегін әрі ерікті түрде жүзеге асырылады. Оқушылар мен студенттер өз идеяларын ұсынып, заманауи технологиялармен танысып, жеке жобаларын әзірлеуге мүмкіндік алады.
Сонымен қатар Mangystau Hub алаңында түрлі IT іс-шаралар, хакатондар мен кездесулер ұйымдастырылады. Бұл жастарға жаңа білім алып, тәжірибе жинақтауға жол ашады.
IT қауымдастығы мен жасанды интеллектіні қолдау
– Mangystau Hub базасында жастар мен мемлекеттік қызметшілерге арналған бағдарламалау, робототехника немесе киберқауіпсіздік бойынша қандай оқыту бағдарламалары мен курстар өткізіледі?
– 2024 жылдан бастап Ақтау қаласындағы Жастар ресурстық орталығының базасында Mangystau Hub жұмыс істейді. Бұл – жастардың IT саласымен танысып, жаңа білім алуына және түрлі технологиялық іс-шараларға қатысуына мүмкіндік беретін алаң.
Жыл басынан бері мұнда 72 іс-шара өткізілді. Олардың қатарында Mangystau IT Fest, Digital Mangystau IT Forum, Decentrathon, Eco Hackathon және Startup Battle бар.
Мемлекеттік қызметшілермен де жеке бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде. Биыл мемлекеттік органдардың 160-тан астам қызметкері жұмыс барысында жасанды интеллект құралдарын қолдану бойынша оқудан өтті. Біз мұндай іс-шаралар қатысушыларға тек теориялық білім беріп қана қоймай, практикалық тәжірибе жинақтауға, идея алмасуға және IT қауымдастығы өкілдерімен танысуға мүмкіндік бергенін қалаймыз.
– Жергілікті стартаптар мен IT мамандары өз жобаларын жүзеге асыру үшін қандай қолдау, гранттар немесе консультациялар ала алады?
– Жас әзірлеушілер мен жергілікті IT мамандары Mangystau Hub алаңына жүгіне алады. Мұнда олар өз идеяларын таныстырып, хакатондарға, байқауларға және басқа да іс-шараларға қатыса алады, пікірлес адамдарды тауып, IT компаниялардың өкілдерімен таныса алады.
Сонымен қатар Astana Hub және басқа да ұйымдармен ынтымақтастық аясында қолданыстағы қолдау бағдарламалары, оқыту курстары мен стартаптарды дамыту мүмкіндіктері туралы ақпарат алуға болады.
Біз жас мамандардың өз идеяларын тікелей өңірде жүзеге асырып, жеке жобаларын дамытып, болашақта оларды дайын IT өнімдеріне айналдыруына мүдделіміз.
– Әңгімеңізге рақмет!