Otpan News Logo

Сейткулиевтер әулеті: 202 жылдық еңбек дәстүрі бар теміржол династиясы

Сейткулиевтер әулеті: 202 жылдық еңбек дәстүрі бар теміржол династиясы

Ақтаудағы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның «ГП Маңғыстау бөлімшесінде» Сейткулиевтер отбасындағы бірнеше буын үздіксіз еңбек етіп келеді. Әулеттің теміржол саласындағы жалпы еңбек өтілі – 202 жыл, деп хабарлайды otpannews.kz.


Әулеттің үлкені Қолдашбай Сейткулиев 1974-2012 жылдар аралығында «Маңғыстау» ТЧЭ-6 өндірістік штатында тепловоз машинисі болып қызмет атқарды. Еңбек өтілі – 37 жыл. Оның жолын ұлдары Тәуекел, Тайман, Айдар және күйеу баласы Қуантай Алижанов абыроймен жалғастырып келеді.


Тәуекел, Тайман және Қуантай – тепловоз машинисі, ал Айдар – тепловоз машинисінің көмекшісі болып еңбек етеді. Ұлдарының алды шойын жолдың бойында 25 жыл қызмет етсе, кейінгілілері 20 жылға жуық уақыт тер төгіп келеді. Бүгінде олар теміржол саласының нағыз майталман маманына айналды.


Тайман әкесінің жолын жалғап, теміржол саласында адал еңбек етуді өзінің басты борышы санайды.


Әке жолын қуып, теміржолшы атану – мен үшін үлкен жауапкершілік. Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жариялануы біз секілді сала мамандары үшін ерекше мәнге ие. Бұл – еңбектің қадірін танытып, жұмысшы кәсібінің мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды бастама, – дейді ол.


Қолдашбайдың інісі Оралбай Сейткулиев те 28 жыл бойы «Маңғыстау» ТЧЭ-6 пайдалану цехында негізгі локомотив депосының кезекшісі қызметінде. Ол әулеттегі бірнеше буынның бір салада табанды қызмет атқарып келе жатқанын зор мақтаныш санайды.


Теміржол – біздің әулеттің өмірлік жолы. Екі жүз жылдан астам тарихы бар ата кәсіпті жалғастырып, осы саланың дамуына үлес қосып жүргеніміз – мен үшін үлкен мәртебе. Осы еңбек жолды әрі қарай жалғастыру біздің міндетіміз деп санаймын, – деді Оралбай.


Ел экономикасының күретамыры саналған теміржол торабында қажырлы еңбек етіп жүргендердің қатарында:

Жарылқасын Сейткулиев – тепловоз машинисінің көмекшісі, еңбек өтілі - 21 жыл.

Жанболат Абуев – локомотивтерді қарау және жөндеу слесарьі, еңбек өтілі - 20 жыл.

Асқарбек Сейткулиев – тепловоз машинисінің көмекшісі, еңбек өтілі - 17 жыл.

Батырхан Сейткулиев – локомотивтерді жөндеу слесарьі, еңбек өтілі - 2 жыл.


Тіршілігі теміржол торабымен біте қайнасқан, темірдей тәртіпке бағынған Сейткулиевтер әулеті көпке үлгі болары анық. Бұл әулеттің Қазақстандағы теміржол көлігін дамытуға қосқан үлесі зор, ал олардың өмір жолы отандық теміржол тарихында мәңгі сақталады.

11
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!