Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Білім керуені: Енді тұрғындар кәсіп жасауды тегін үйренеді

|
14.11.2025 10:48
Білім керуені: Енді тұрғындар кәсіп жасауды тегін үйренеді

Мобильді жылжымалы оқыту арқасында облыс тұрғындарында жаңа мүмкіндік пайда болды. Тігін, шаштараз немесе аспаз ісін меңгергісі келетін кез келген жан «Ақтау технологиялық қызмет көрсету» колледжіндегі мобильді оқыту орталығының қызметін пайдалана алады, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Облыс көлеміндегі барлық тұрғындарға кәсіби білімді қолжетімді етуді мақсат еткен мобильді жылжымалы оқыту орталығы өз қызметін өзге форматта жандандыруда. Енді мобильді орталық әр аудан мен елді мекенге барып, халыққа оқу мүмкіндігін ұсынады. Бастысы – жасыңыз 18-ден асса болғаны. Есесіне, еңбек нарығында сұранысқа ие, әрі аз шығынмен бастауға болатын кәсіпті меңгересіз.


«Негізгі мақсат – кәсіби дағдыларды күшейту, өз ісін ашуға жағдай жасау және облыс бойынша қызмет көрсету саласындағы жұмысшы мамандықтарды дамыту. Курстардың ұзақтығы бағдарлама бағыты мен көлеміне қарай 1 айдан 6 айға дейін созылады. Сабақтарды тәжірибелі өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пән мұғалімдері жүргізеді. Оқыту топтық форматта өтеді, бір топта орта есеппен 8–10 адам болады»,- деді колледж директоры Ілес Нұрадинов.


Мобильді орталық мамандары мамандықтар қысқа уақытта үйретілсе де – толықтай игеруге басты назар аударылғанын айтады. Мәселен, тігін ісі барысында – бұйым пішу, тігу, өңдеу секілді маңызды детальдің барлығы үйретіледі. Ал шаштараз өнерінде шаш қию, бояу, түрлі сәндік шаш үлгілерін жасау,заманауи техникалар мен трендтер үйретіледі. Аспаз боламын деген тұрғындар бұл оқудан соң тағамдардың түр-түрін дайындап, тәттілер пісіреді, өнімді безендіруді меңгеріп, ас үйдің қыр-сырын біліп шығады. Барлық оқу бағдарламалары практикалық дағдыға негізделген, сондықтан үйенушілер мамандықты нақты тәжірибемен меңгереді.


Оқуды толық аяқтаған әр қатысушыға арнайы куәлік табысталады. Бұл құжат — кәсіби білім алғанының ресми дәлелі және жұмысқа орналасуға да, жеке кәсіп бастауға да мүмкіндік береді.


Мобильді оқыту орталығы негізінен 2019 жылдан бері сұранысқа ие жоба болып, 2022 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сол уақыттан бері аталған мамандықтарды 100-ге жуық облыс тұрғыны меңгерген. Қазіргі таңда жоба қызметін дамытып, одан әрі кеңейту жоспарлануда. Мобильді орталық тек курстық оқытумен шектелмей, облыс мектептерінде кәсіби бағдар беру жұмыстарын да күшейтіп келеді. Колледж басшысының айтуынша, бұл бастама оқушылар болашақ мамандықтарын қателеспей таңдауға жол ашады. 


Жылжымалы мобильді орталық – облыс тұрғындарына берілген үлкен мүмкіндік. Мамандықты алысқа бармай, тәжірибелі мамандардан тегін үйрену – іс бастауға ашылған жол. Өйткені оқу барысында қажет барлық шикізат түрін орталық өздері ұсынады.

69
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!