Маңғыстауда ҚХА-ның 30 жылдығына орай үздік журналистер марапатталды
Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер клубында өңірде тұратын түрлі этностардың өмірі, олардың еңбегі мен ҚХА жұмысы туралы тұрақты жазып жүрген журналистерге арнайы марапаттар табысталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Байқауға 25-тен астам өтінім түскен. Қазылар құрамына облыстық ҚХА мүшелері, журналистика саласының ардагерлері және Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер клубының мүшелері кірді. Бағалау нәтижесінде қазылар алқасы бес номинация бойынша үздіктерді анықтады. Виктория Кушербаева, Айгүл Орынбаева, Амандық Аманқұлов, Ольга Золотых және Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығы жүлделі болды. «Үздік телесюжет», «Үздік подкаст», «Үздік газет материалы», «Үздік фото және видео», «Әлеуметтік желідегі үздік пост» аталымдары бойынша жеңімпаздарға 100 000 теңге сыйақы табысталды.
Көктемде Астанада Мемлекет басшысы қатысқан үлкен форум өтті. Сол кезде Президент бірқатар міндеттерді атап өтті. Соның бірі – ҚХА жанындағы Журналистер клубтарының жұмысын жақсарту. Біз Журналистер клубының құрамын толық жаңарттық. Олардың қатарында республикалық және жергілікті БАҚ тілшілері, ардагерлер және түрлі этнос өкілдері бар. Бес ай бойы жұмыс істеп келеміз, осы уақыт ішінде сайттарда, газеттерде және теледидарда бірнеше жобаны жүзеге асырдық. Республикамызда алғаш рет Маңғыстауда Журналистер клубы жанынан подкаст-студия ашылды. Мұнда әр апта сайын түрлі этнос өкілдерімен сұхбат өткіземіз, олардың қоғамдық қызметін ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін де көрсетеміз. Әсіресе Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында біздің кейіпкерлер зауыттарда, фабрикаларда, мектептерде жұмыс істейді, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге атсалысады. Қазіргі уақытта ҚХА жанында қазақ тілін тегін оқыту курстары бар, қазақша сөйлеп үйренгендер өзгелерге де мотивация беріп жүр, – деді Маңғыстау облыстық ҚХА жанындағы Журналистер клубының төрайымы Гүлмира Әбiшева.
Кездесуге қатысқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев журналистиканың болашағы, БАҚ өкілдерінің этикалық нормаларды сақтауының маңыздылығы және ҚХА мен журналистер арасындағы тығыз байланыстың қажеттілігі туралы пікірін білдірді.
Ал «Қоғамдық келісім» КММ директоры Аманкүл Жайлханова өз кезегінде журналистерге ҚХА қызметін насихаттағаны үшін алғыс айтып, Ассамблеяның 30 жылдығына орай Маңғыстауда 150-ден астам іс-шара өткізілгенін атап өтті. Сондай-ақ ҚХА мен БАҚ арасындағы ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғаса беретініне сенім білдірді.