Денсаулық сақтау министрлігі: Елімізде тұмаудың жаңа түрі анықталған жоқ
Үкімет отырысында ҚР денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова еліміздегі ЖРВИ және тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Ол жыл сайын елімізде ЖРВИ-дің 3,5 млн және тұмаудың 2 мыңға жуық жағдайы тіркелетінін айты.
Биылғы эпидемиологиялық маусым (1 қыркүйектен бері) басталғалы елімізде ЖРВИ-дің 1 млн 461 мың оқиғасы тіркелді. Бұл 2024-2025 жылдардың өткен кезеңімен салыстырғанда 20%-ға төмен. Науқастардың 66%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды.
Соңғы аптада республикада ЖРВИ-дің 183 мың оқиғасы тіркелді, 2024-2025 жылдары өткен эпидемиялық маусымының осыған ұқсас аптасымен салыстырғанда ауру жұқтырғандар 16%-ға артқан.
Биыл тұмаудың айналымы 41 аптада, яғни қазан айының бірінші жартысында басталды. Бұрын Қазақстан аумағында айналымда болмаған тұмаудың жаңа түрлері анықталған жоқ. ЖРВИ және тұмау белгілері бар пациенттер арасында риновирус, парагрипп, аденовирус, бокавирус, коронавирус, РС вирусы, метапневмовирус анықталып жатыр. ЖРВИ-дің 66%-ы 14 жасқа дейінгі балалар арасында таралған, — деді Ақмарал Әлназарова.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы аптада республикада оқушылар арасында ЖРВИ-дың 6 мыңнан астам оқиғасы тіркелді. ЖРВИ-мен ауыратын науқастардың жалпы санының ішінде оқушылардың шамамен 4%-ы ауырған.
Биыл тұмауүа қарсы 2,1 млн адам егілген, вакцина ағымдағы эпидемиологиялық маусымда өзекті штаммдардан, оның ішінде А тұмауының (H3N2) штаммдарынан қорғайды.
ЖРВИ және тұмаудың маусымдық өсуіне байланысты МСАК ұйымдарының жұмысы күшейтіліп, фильтр-кабинеттердің жұмысы және эпидемияға қарсы режимнің сақталуы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар елімізде вирусқа қарсы және қызу түсіретін препараттардың, жеке қорғаныш құралдары мен дезинфекциялық құралдардың жеткілікті қоры бар.