Каспий маңы елдері Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне қатысты ынтымақтастықты күшейту жөніндегі декларация қабылдады
Бразилияның Белен қаласында өтіп жатқан COP30 конференциясы аясында Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне арналған арнайы сайд-ивент өтті. Шара соңында Каспий маңы елдерінің министрлері мен жоғары лауазымды өкілдері теңіз деңгейінің төмендеуіне байланысты бірлесіп әрекет етуге бағытталған декларация қабылдады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, құжат өңір елдерінің су деңгейінің өзгеруіне бейімделу және Каспий өңірінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында бірлескен әрекеттерге мүдделілігін растайды.
Декларация Каспий маңы елдерінің консультацияларды жалғастыру, ғылыми ынтымақтастықты нығайту, деректермен алмасу, сондай-ақ 2025-2035 жылдарға арналған Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне қатысты іс-қимыл жоспарын дайындау перспективаларын қарастыру ниетін көрсетеді.
Қазақстан тарапынан декларацияға Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев қол қойды. Ол Каспий теңізі деңгейінің төмендеу мәселесіне арналған сессияда сөз сөйлеп, Каспийдің бірегей экожүйесін сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан Президентінің Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі Мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеу бастамасы туралы хабарлады.