Маңғыстауда ҚХА тапсырмаларын орындау бойынша жаңа міндеттер айқындалды
18 қараша күні Маңғыстау облысында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының мемлекеттік органдармен, ҚР Парламентімен және түрлі деңгейдегі мәслихаттармен өзара іс-қимылын нығайтуға бағытталған «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар» қоғамдық жобасы аясында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, ҚХА атынан сайланған Сенат депутаттары, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, ҚХА Ақсақалдар және Аналар кеңесі, Жомарт жан орталығы, этномедиаторлар, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен жастар қатысты.
Кездесу барысында ҚХА-ның XXXIII сессиясында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалардың өңірлік деңгейде орындалу барысы талқыланды. Сонымен қатар алдағы кезеңге арналған жұмыс бағыттары нақтыланды.
Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай жобаның өңірде сапалы жүзеге асырылуы қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту үшін маңызды екенін атап өтті.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ассамблеяның елдегі бірлік пен келісімнің, бейбіт өмір мен тұрақтылықтың символы екенін айтқан болатын. Басты міндет — қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау, халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасын жақсарту. Бұл міндеттерге жету жолында депутаттық топпен бірлескен жұмыс пен өзара түсіністіктің рөлі ерекше, — деді өңір әкімі.
Кездесу барысында облыстық мәслихат депутаты, Аналар кеңесінің мүшесі Пания Сармурзина және жас депутат Марат Абзал жастарды психологиялық қолдау, оларды еңбек нарығына бейімдеу мәселелері бойынша ұсыныстарын білдірді.
Жиын соңында өңірлік Ассамблея жұмысына белсенді үлес қосқан азаматтарға ҚХА төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың Құрмет грамоталары және ҚР Парламенті Сенатының комитет төрағасы Әлібек Бектаевтың Алғыс хаттары табысталды.