Әдеп жөніндегі уәкілдің рөлі
Бүгінде мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен кәсібилігін арттыруда, қызметтік этика талаптарының сақталуын қамтамасыз етуде Әдеп жөніндегі уәкілдің рөлі ерекше. Бұл институт мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әдеп нормаларын түсіндіру, ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыру мақсатында енгізілген.
Осы мақсатта әр мемлекеттік органда әдеп жөніндегі уәкіл жұмыс істейді.
Әдеп жөніндегі уәкіл – әділеттілік пен адамгершілік қағидаттарына негізделген жауапты миссияны атқарып отырған тұлға. Оның жұмысы мемлекеттік қызметтің беделін көтеруге, халықтың билікке деген сенімін нығайтуға бағытталған. Мемлекеттік қызметшілерге қызметтік мінез-құлық нормаларын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді, сондай-ақ қоғам және азаматтармен қарым-қатынас мәдениетін сақтау бойынша кеңес береді. Сонымен қатар, еңбек тәртібін және ішкі қызметтік этиканы сақтау бойынша мониторинг жүргізеді,құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, туындаған мәселелерді бейбіт жолмен шешуге көмектеседі, мемлекеттік қызметшілер мен басқа да азаматтарға жеке қабылдаулар ұйымдастырады.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметке қойылатын талаптар артты. Халық сенімі – ең басты құндылық. Осы сенімді ақтау үшін әрбір мемлекеттік қызметші өзінің мінез-құлқына, сөйлеу мәдениетіне, сырт келбетіне, тіпті әлеуметтік желідегі жазбаларына да жауапкершілікпен қарауы тиіс. Демек, әдеп нормаларын сақтау –әрбір мемлекеттік қызметшінің парызы.
Құрметті мемлекеттік қызметшілер,тәртіп пен әдеп – табысты жұмыстың кепілі екенін ұмытпайық. Әрқашан сыпайы, әділ әрі жауапты болайық!
Ф. Исмагулова,
Маңғыстау облысы әкімі аппаратының
Әдеп жөніндегі уәкілі