Otpan News Logo

Президент Вице-президент, Құрылтай және Халық Кеңесі туралы заңдарға қол қойды

Президент Вице-президент, Құрылтай және Халық Кеңесі туралы заңдарға қол қойды

Президент Конституцияның 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған ережелерін іске асыру мақсатында бірқатар конституциялық заңдарға қол қойды, деп хабарлайды Otpannews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.


1. «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң


Заң Президенттің құқықтық мәртебесін, өкілеттіктерін, қызметін қамтамасыз ету тәртібін және Қазақстан Республикасы Вице-президентінің құқықтық мәртебесін айқындайды.


Заңның негізгі жаңалығы - Вице-президент институтының енгізілуі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Вице-президент мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде оның мүддесін білдіреді және Президент айқындаған өзге де функцияларды орындайды.


2. «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң


Бұл заң Құрылтайдың ұйымдастырылуы мен қызметін, заң шығару процесін және депутаттардың құқықтық мәртебесін реттейді.


Құрылтай - заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган.


Құрылтай партиялық тізім бойынша сайланатын 145 депутаттан тұрады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – 5 жыл.


Органды мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттар арасынан жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен сайланатын Төраға басқарады.


Заңда Құрылтайдың кең ауқымды өкілеттіктері белгіленген. Атап айтқанда, Вице-президентті, Премьер-министрді, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мүшелерін, Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім беру, Жоғарғы сот судьяларын сайлау және қызметінен босату, Президент сайлауын тағайындау, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің орындалуы туралы есептерін бекіту құзыреттері қарастырылған.


3. «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заң


Заң Қазақстан Халық Кеңесінің құқықтық мәртебесін, өкілеттіктерін, құрылу және қызмет ету тәртібін айқындайды.


Қазақстан Халық Кеңесі – жоғары консультативтік орган. Ол жалпыұлттық диалогты дамыту және азаматтық қоғамның елдің ішкі саясатын қалыптастыруға қатысуын қамтамасыз ету мақсатында құрылады.


Кеңес заң шығару бастамасы құқығына ие және жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынуға құқылы.


Құрамы этномәдени бірлестіктерден, қоғамдық ұйымдардан, сондай-ақ Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінен тең негізде ұсынылған 42 адамнан қалыптастырылып, Президенттің бекітуімен жасақталады.


Қазақстан Халық Кеңесіне Төраға жетекшілік етеді. Өкілеттік мерзімі – 4 жыл.


4. «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заң


Заң астананың қызмет ету саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және оның қызметінің құқықтық, экономикалық әрі ұйымдастырушылық негіздерін белгілейді.


Құжатта мәслихаттың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және қала әкімінің басшылығындағы жергілікті атқарушы органның өкілеттіктері нақты ажыратылған.


Сондай-ақ заңда қаланың бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн-кодына қойылатын міндетті талаптар бекітіліп, тіршілікті қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамытуға жауапты ұйымдардың өкілеттіктері айқындалған.


5. «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» Конституциялық заң


Заң әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру және тарату, олардың шекараларын белгілеу мен өзгерту, есепке алу және тіркеу, атау беру және қайта атау тәртібін айқындайды.


Әкімшілік-аумақтық құрылыс саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаты – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру үшін Қазақстан Республикасының аумақтық ұйымдастырылуын ұтымды қамтамасыз ету.

51
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!