Ақтауда 130 спорт және балалар ойын алаңының құрылысы жүріп жатыр
Ақтауда жаңа спорт және балалар ойын алаңдарының құрылысы жалғасуда. Қала бойынша жалпы саны 50 спорт алаңы мен 80 балалар ойын алаңын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қазіргі уақытта нысандардың аумағын қоршау және қауіпсіздік талаптарына сәйкес арнайы жұмсақ төсеніштер төсеу жұмыстары атқарылуда.
Жобаны «Болашақ Өзен» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Жоспарға сәйкес барлық құрылыс жұмыстары биылғы тамыз айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Әсет Басбаевтың айтуынша, алаңдар пайдалануға берілгеннен кейін оларды күтіп-ұстау және абаттандыру жұмыстары мердігер мекеменің жауапкершілігінде болады.
«Ойын және спорт алаңдары күнделікті бақылауда болады. Егер тұрғындар алаңдардың жай-күйіне қатысты қандай да бір мәселе байқаса, Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне хабарласа алады», – деді Әсет Басбаев.