Otpan News Logo

Ақтауда бала психологиясы мен жасанды интеллект мәселелеріне арналған халықаралық форум өтті

Ақтауда бала психологиясы мен жасанды интеллект мәселелеріне арналған халықаралық форум өтті

Ақтауда балалардың психологиялық қауіпсіздігі мен жасанды интеллектінің әсері халықаралық деңгейде талқыланды. «BALA&AI 2026: Цифрлық дәуірде бала санасын қорғау» форумында Қазақстан мен шетелден келген сарапшылар цифрлық технологиялардың балаларға ықпалы, менталдық денсаулықты сақтау және заманауи психологиялық қолдау тетіктері жөнінде пікір алмасты, деп хабарлайды otpannews.kz.


Іс-шараның ашылу рәсіміне Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев қатысып, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында балалардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.


Қатысушылар цифрлық ортадағы баланың қауіпсіздігі, жасанды интеллектіні білім беру және психологиялық қолдау салаларында қолдану, сондай-ақ менталдық денсаулықты сақтау мәселелерін талқылады.


Сонымен қатар форум аясында «AI & Child Safety» демо-аймағы ұйымдастырылып, балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған заманауи технологиялар мен инновациялық шешімдер таныстырылды.


«Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты диагностика зертханасының жетекшісі Бақыттыгүл Ахметжанова білім беру ұйымдарында жасанды интеллект негізіндегі диагностикалық құралдарды енгізудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, мұндай технологиялар оқушылардың психоэмоциялық жағдайын ерте анықтап, қажетті қолдауды уақытылы көрсетуге мүмкіндік береді.


Психотерапия саласының сарапшысы, гештальт психолог Лейла Мирас технологиялық өзгерістер кезеңінде балалардың ішкі тұрақтылығы мен өмірлік құндылықтарын сақтаудың маңызына назар аударса, Нигериядан келген ағылшын тілі оқытушысы Бенжамин Огбонна білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолданудың халықаралық тәжірибесін таныстырды.


Форум аясында қатысушылар тәжірибелік алаңдардың жұмысына қатысып, психологиялық тестілеуден өтті. Сондай-ақ сала мамандары өзара тәжірибе алмасып, балалардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тәсілдер мен шешімдерді талқылады.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, халықаралық форум психология саласындағы мамандардың кәсіби байланысын нығайтып, цифрлық дәуірдің жаңа сын-қатерлеріне жауап беретін тиімді тетіктерді қалыптастыруға мүмкіндік берді.

66
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!