Маңғыстаулық магистр Астанадағы республикалық жобаға жетекшілік етуде
Астана қаласында теміржол көлігі мамандарын даярлайтын педагогтер мен өндірістік оқыту шеберлеріне арналған ауқымды біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылуда. 2026 жылғы 25 мамыр мен 5 маусым аралығында өтетін бұл шара салалық білім беру жүйесіне жаңа серпін бермек. Аталған жобаға жетекші маман ретінде Маңғыстау облысы білім басқармасы «Облыстық техникалық және кәсіптік білімді дамыту орталығының» әдіскері Айгерім Еркимбаева шақырылған, деп хабарлайды otpannews.kz тілшісі.
Заманауи талаптарға сай ұйымдастырылған оқу курсы «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Теміржол көлігі персоналын бағалау және дамыту орталығының» базасында өтіп жатыр. Бағдарламаның басты тақырыбы: «Теміржол көлігі мамандарын даярлауда техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру педагогінің кәсіби құзыреттерін жетілдіру».
Бұл курс «Talap» КЕАҚ бастамасымен алғаш рет өткізіліп отыр. Курс жетекшісі ретінде Маңғыстау облысы білім басқармасы «Облыстық техникалық және кәсіптік білімді дамыту орталығының» әдіскері, магистр және «Локомотивті басқару» құзыреттілігінің республикалық бас сарапшысы Айгерім Еркимбаева шақырылған.
"Курстың мақсаты - ҚР Теміржол саласында сапалы әрі бәсекеге қабілетті мамандар даярлап, педагогтердің кәсіби деңгейін көтеріп, заманауи цифрлық құралдар мен инновациялық әдістерді меңгерту. Сонымен қатар жасанды интеллектті өндірістік базада қалай қолдану керек екенін мамандарға үйрету ең маңызды тапсырмалардың бірі. Курс осымен аяқталып қалмақ емес, қыркүйек айында да жалғасын табады. Еңбек нарығына сәйкес бұл салаға деген сұраныс жоғары. Сол үшін қазақ тілінде осындай курс өткізіліп отыр. Курстан сабақ алған педагогтар студенттерге сабақ беріп, бағдарламаға жаңа серпін береді",- деді Маңғыстау облысы білім басқармасы «Облыстық техникалық және кәсіптік білімді дамыту орталығының» әдіскері, магистр және «Локомотивті басқару» құзыреттілігінің республикалық бас сарапшысы Айгерім Еркимбаева.
Аталған курсқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 21 маман қатысуда. Оның ішінде 17 арнайы пән оқытушысы мен 4 өндірістік оқыту шебері бар.
Оқыту толығымен мемлекеттік тілде жүргізіліп жатыр. Сабақ барысында теміржол саласының нормативтік-құқықтық базасы, білім беру бағдарламаларын әзірлеу әдістемесі және саланы цифрландыру модульдері терең оқытылды.
Курс қатысушылары тек дәріс тыңдап қана қоймай, «ҚТЖ» ҰК» АҚ орталығының озық технологиялық мүмкіндіктерімен танысты. Оқытушылар мен шеберлер арнайы полигондарда, заманауи тренажерлар мен симуляторларда жұмыс істеп, тіпті жасанды интеллект (AI) платформаларының өндірісте қолданылу барысын өз көздерімен көрді.
Бұл алған тәжірибе алдағы уақытта колледждердегі студенттерге заманауи деңгейде білім беруге және теміржол саласының болашақ мамандарын сапалы дайындауға үлкен септігін тигізбек.