Ақтауда теңіз жағалауындағы тексеріс кезінде құжатсыз кеме басқару деректері анықталды
Ақтауда теңіз жағалауындағы айлақ маңында орналасқан катерлерге қатысты мониторинг жүргізіліп, бірқатар заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Ақтау қаласы әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған рейдтік іс-шараға Ақтау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының, Көліктік бақылау инспекциясының және Полиция басқармасының өкілдері қатысты.
Мониторингтің негізгі мақсаты – кәсіпкерлік қызметтің қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігін бақылау, туристер мен тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және судағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету.
Тексеру барысында катер иелеріне кәсіпкерлік қызметті заң талаптарына сай жүргізу үшін қажетті QR-кодтарды орналастыру тәртібі түсіндірілді. Сонымен қатар, бақылау кезінде кейбір кеме жүргізушілерінің су көлігін басқаруға құқық беретін тиісті санаттағы куәліктері жоқ екені белгілі болды.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша жауапты тұлғалар түсіндіру жұмыстарын жүргізіліп, қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, теңіз жағалауындағы кәсіпкерлік нысандарының қызметін бақылау және қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатындағы мониторингтік жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.