Otpan News Logo

Маңғыстауда «Мемлекеттік тіл саясаты: басым бағыттары және инновациялар» республикалық семинары өтті

Маңғыстауда «Мемлекеттік тіл саясаты: басым бағыттары және инновациялар» республикалық семинары өтті

Маңғыстау облысында «Мемлекеттік тіл саясаты: басым бағыттары және инновациялар» республикалық семинары өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.


Семинарға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, өңірлік тілдерді дамыту басқармаларының басшылары мен мамандары, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен келген сала өкілдері қатысты.


Салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны мен бүгінгі даму бағыттарына тоқталды.


“Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, мемлекеттігіміздің іргетасы, ұлттық қауіпсіздігіміз бен бірегейлігіміздің басты кепілі. Тіл саясатын жүйелі жүзеге асыру – егемен еліміздің стратегиялық басымдықтарының бірі. Бүгінде қазақ тілі технология тіліне айналып келеді. Жасанды интеллект жүйелеріне қазақ тілін интеграциялау, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және заманауи тіл үйрету платформаларын дамыту бағытындағы жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Қазақ тілінің ғылым мен жаңа технология тілі ретіндегі қолданысын кеңейтуге бағытталған барлық бастамаларды қолдауға дайынбыз”, - деді Аббат Өрісбаев.


Өз кезегінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов республикалық семинардың тіл саясатын үйлестіру мен озық тәжірибелерді таратудағы маңызын атап өтті.


“Семинардың басты мақсаты – өңірлердегі үздік тәжірибелерді өзара бөлісу және кеңінен тарату. Қазіргі таңда қазақ тілі жаңа даму кезеңіне қадам басты. Бұрын мемлекеттік басқару, білім, ғылым және тәрбие тілі ретінде қарастырылса, бүгінде жасанды интеллект дәуірінде қазақ тіліне жаңа міндеттер жүктеліп отыр. Сондықтан әлемдік технологиялық үрдістерден қалмай, қазақ тілінің цифрлық әлеуетін арттыру бағытында бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Осындай алаңдар тәжірибе алмасуға және ортақ бағыттарды айқындауға мүмкіндік береді”, - деді Ербол Тілешов.


Семинар аясында тіл саясатының өзекті мәселелері мен заманауи үрдістеріне арналған мазмұнды баяндамалар ұсынылды. Атап айтқанда, Қарағанды облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Алма Шалабаева «Қазақ тілінің өңірлік дамуы: нәтижелер мен проблемалар» тақырыбында баяндама жасады.


Сондай-ақ «Ш. Шаяхметов атындағы “Тіл-Қазына” ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ ғылыми қызметкері, PhD докторы Айерке Зинедина «Қазақ тілінің цифрлық әлеуеті», Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің қауымдастырылған профессоры Гүлнұр Сүбебекова «Астрономия ғылымы контексіндегі қазақ тіліндегі ғылыми дискурс» тақырыптарында сөз сөйледі.


Бұдан бөлек, Шәкәрім университетінің PhD докторы Қарлығаш Әубәкірова «Қазақ тілі модернизациясындағы аударма институты: интеллектуалдық тарих, тәжірибе және идеология» тақырыбында баяндама жасап, тұжырымдары мен ұсыныстарын ортаға салды. Ал «AktownX» шығармашылық бірлестігінің басшысы, «Бір ауыл» әлеуметтік-логикалық үстел ойынының авторы Мырзабек Нұрсұлтан TEDx форматында «Қазақ тілін интерактивті модельдер арқылы брендке айналдыру» тақырыбында ой бөлісті.


Семинар қорытындысында тіл саясатын жүзеге асыруға елеулі үлес қосып жүрген бірқатар сала мамандары мен қоғам белсенділері Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарын комитет төрағасы Ербол Тілешов табыстады.

53
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!