Ақтауда ҚТҚ қызметі үшін төлем тек «Zero Waste Ақтау» ЖШС-не жүргізіледі
Ақтау қаласының аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау қызметін «Zero Waste Ақтау» ЖШС көрсетеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Бексұлтан Шалабаев айтты.
Спикердің айтуынша, коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында өткізілген конкурс қорытындысы бойынша «Zero Waste Ақтау» ЖШС жеңімпаз болып танылған.
Брифинг барысында тұрғындар үшін маңызды мәселе – қоқыс шығару тарифі туралы да айтылды. Қазіргі уақытта тарифті өзгерту мәселесі қарастырылып жатқан жоқ.
-2021 жылдың желтоқсан айында жаңа жинақтау нормасы бекітіліп, Экологиялық кодекстің әдістемесіне сәйкес жүргізілген есеп бойынша тариф мөлшері 681,67 теңгені құрады. Алайда қоғамдық кеңестің тыңдауында оны 450 теңге көлемінде бекіту ұсынылды. Соның нәтижесінде 2022 жылы бір тұрғынға айына 450 теңге (ҚҚС-пен 504 теңге) көлеміндегі тариф бекітілді. Ал биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылған құн салығының мөлшерлемесі 12 пайыздан 16 пайызға дейін өсуіне байланысты қызмет көрсету тарифі ҚҚС-ты қоса есептегенде айына бір тұрғынға 522 теңгені құрайды. Қазіргі таңда тарифті өзгерту жоспарланбаған, - деді Бексұлтан Шалабаев.
Өз кезегінде «Zero Waste Ақтау» ЖШС директорының орынбасары Диана Джаналиева қаладағы қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын айтты.
- Қазіргі таңда мекемеде 27 арнайы қоқыс тасымалдау техникасы және 2 манипулятор жұмыс істейді. Сонымен қатар, қала аумағына жаңадан 2100 еуроүлгідегі қоқыс жәшігі орнатылды. Бұл қаланың тазалығын сақтауға және тұрмыстық қалдықтарды уақытылы әрі сапалы шығаруға мүмкіндік береді, - деді Диана Джаналиева.
Мамандар тұрғындарға қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметі үшін төлемдерді тек ресми қызмет көрсетуші ұйым – «Zero Waste Ақтау» ЖШС-не жүргізу қажеттігін еске салды.