Тұщықұдықта Сәттіғұл Жанғабылұлының 150 жылдық мерейтойына арналған мерекелік іс-шаралар жалғасып жатыр
Тұщықұдықта Сәттіғұл Жанғабылұлының 150 жылдық мерейтойына арналған мерекелік іс-шаралар жалғасып жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шараның екінші күнінде «Мұхиттан қалмыш теңіз жыр» атты республикалық жыршылар байқауының екінші кезеңі өтуде. Финалда 12 жыршы өнер көрсетіп жатыр. Олар Сәттіғұл Жанғабылұлының «Досан батыр» дастанын міндетті түрде орындап, шығармалар арқылы өз шеберліктерін көрсетеді. Жеңімпаздарды қазылар алқасы анықтайды.
Жыршы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Амандық Көмекұлының айтуынша, Сәттіғұл Жанғабылұлының шығармашылық мұрасын насихаттау және кейінгі ұрпаққа таныту – маңызды міндеттердің бірі.
- Сәттіғұл Жанғабылұлы – қазақ халқына кеңінен танылған ақын-жырау. Әсіресе Батыс өңірінде оның шығармашылығы ерекше құрметке ие. Сондықтан мерейтойын ел көлемінде атап өту – заңды әрі тағылымды іс. Мерейтойлық шаралар сәуір айында Астанада басталып, Алматыда жалғасты. Енді, міне, Маңғыстауда өтіп жатыр. Жыршылар байқауының финалында 12 өнерпаз бар. Олардың өнерін жеті адамнан құралған қазылар алқасы бағалайды, - деді Амандық Көмекұлы.
Бұдан бөлек, халық ақынының 150 жылдығына арналған республикалық ғылыми конференция да өтіп жатыр. Ғылыми шараға Астана, Атырау, Алматы, Қызылорда, Ақтау қалаларынан ғалымдар қатысты.
- Сәттіғұл Жанғабылұлының 150 жылдық мерейтойының аясында республикалық ғылыми-әдістемелік конференцияның ұйымдастырылуы ақынның шығармашылығының ғылыми айналымға түскенін көрсетеді. Қатысушы ғалымдар ақынның өлеңдерін жан-жақты зерттеп, тіл өрнектері, тіл орамдары, поэтикалық тіл қолданысын көрсете алды. Сәттіғұл Жанғабылұлының шығармашылық мұрасын насихаттау және кейінгі ұрпаққа таныту – маңызды міндеттердің бірі, - дейді Ш.Есенов университетінің аға оқытушысы, Сәттіғұл Жанғабылұлының жырларын зерттеуші Әлия Жеткізгенова.
Іс-шара аясында 70 және 90 келіге дейінгі салмақ дәрежелері бойынша қазақ күресінен республикалық турнир, қой көтеру сайысы ұйымдастырылды. Ауыл мешітінде қарилар байқауы өтіп жатыр. Бүгінгі шара Сәттіғұл Жанғабылұлы атындағы орта мектептің оқушыларының поэзия кешімен жалғасады. Сондай-ақ байқаудың жеңімпаздары анықталады.