Nur Shah бренді Париж сән апталығында жаңа топтамасын таныстырды
ПАРИЖ. OTPANNEWS.KZ. – Nur Shah бренді Париж сән апталығында қазақы нақыштағы «Karlygash» топтамасын таныстырды. Коллекция 1 қазанда Paris Fashion Week – Spring/Summer 2027 аясындағы көрсетілімде көпшілік назарына ұсынылды.
Париж төріндегі көрсетілімде жаңа коллекция көрерменнің ерекше назарын аударды. Топтаманың атауы қазақтың «қарлығаш» сөзімен байланысты. Коллекцияда бұл құс еркіндік, жеңілдік пен әсем қалықтаудың символы ретінде алынған.
«Karlygash» топтамасында қазақ мәдениетіне тән элементтер заманауи силуэттермен ұштастырылған. Кестелер мен әшекейлі бөлшектерде ұлттық нақыш байқалса, киім пішіндерінде әлемдік сәндегі винтаждық мотивтердің жаңаша үлгісі көрініс тапқан.
Коллекцияның негізгі ерекшелігі – әйел болмысын нәзік әрі жеңіл жеткізу. Матаның қозғалысы, ұсақ детальдар мен жинақы үлгілер топтаманың жалпы стилін айқындайды.
Nur Shah ұсынған образдарда романтикалық сарын мен богемалық жеңілдік өзара үйлескен.
«Karlygash» топтамасында ұлттық дәстүр мен заманауи дизайн, Шығыс пен Еуропа эстетикасы тоғысқан.