Наталья Евстигнеева – Маңғыстаудағы алғашқы әйел жол-патрульдік инспекторы
Полиция полковнигі Наталья Евстигнеева ішкі істер органдарындағы қызметін 2000 жылы бастап, жол-патрульдік полиция батальонында еңбек еткен өңірдегі алғашқы әйел инспекторлардың бірі болды. Сол кезеңде мұндай батальонда небәрі 11 қыз қызмет атқарған, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қызметінің алғашқы жылдары ол жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жұмыс істеді. Ол қатаң ұстанымы мен кәсібилігінің арқасында әріптестерінің де, жүргізушілердің де құрметіне ие болды.
Кейін Наталья Евстигнеева Маңғыстау облысы полиция департаментінің жол полициясы басқармасында және штаб бөлімшелерінде түрлі қызметте болды. Бүгінде ол облыстық полиция департаменті штабының басшысы қызметін атқарады.
Ішкі істер органдарындағы қызмет ең алдымен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әрбір қабылданған шешім азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан тәртіп пен заңдылықты сақтау біздің басты міндетіміз. Әйел адам полиция қызметінде де кәсібилігімен, табандылығымен және жауапкершілігімен ерекшелене алады. Ең бастысы – өз ісіңді адал атқару, - дейді Наталья Евстигнеева.
Көпжылдық қызметі барысында ол Ішкі істер министрлігі, полиция департаменті және облыс әкімдігі тарапынан бірнеше мәрте марапатталған. Сонымен қатар спортта да жетістікке жетіп, Макаров тапаншасынан ату бойынша облыстық жарыстарда бірнеше рет алтын медаль иеленген.
8 наурыз – бұл тек мереке емес, әйелдің нәзіктігі мен күшін қатар сезінетін ерекше күн. Қоғамда да, қызметте де әйелдер үлкен жауапкершілік арқалап келеді. Барша әйелге денсаулық, отбасы амандығын және еңбектеріне табыс тілеймін, – дейді Наталья Евстигнеева.
Темірдей тәртіпке үйренген Наталья Евстигнеева қызметінде адалдықты басты қағида санайды. Ал қызметтен тыс уақытта ол екі баласын тәрбиелеп, өзін бақытты ана ретінде сезінеді.