Еңбек министрлігі: әлеуметтік төлем алудың жалған тәсілдеріне сенбеңіздер
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде бала 1,5 жасқа толғаннан кейін әйелдер жұмыссыз ретінде тіркеліп, әлеуметтік төлем ала алады деген ақпарат тарап жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ескертті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жалған хабарламаларда азаматтарға жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелсе, алты ай бойы ақша алуға болатыны жөнінде айтылған. Алайда министрлік мұндай тәсілдің заңға сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Заң бойынша бала күтімі бойынша демалыста отырған әйел жұмыс орнын сақтайды және жұмыссыз болып саналмайды. Сондықтан оған жұмыссыздық бойынша төлем тағайындалмайды.
Сондай-ақ жұмысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлем тек міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан және ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға ғана беріледі. Егер адам жұмысқа орналасса, бұл туралы жұмыспен қамту орталығына міндетті түрде хабарлауы керек. Жалған ақпарат берілген жағдайда алынған қаражат кері қайтарылады.
Министрлік әдейі жалған мәлімет беріп, әлеуметтік төлем алуға тырысу алаяқтық болып саналуы мүмкін екенін ескертті. Мұндай жалған кеңестерді таратқан адамдар да жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Айта кетейік, 2025 жылы еліміздің 12 өңірінде әлеуметтік төлемдерге қатысты алаяқтық дерегі бойынша 30-дан астам қылмыстық іс қозғалған. Кейбір азаматтар әлеуметтік желілердегі, соның ішінде Instagram желісіндегі жарнамаларға сеніп, осындай схемаларға қатысқан.
Министрлік азаматтарды бейтаныс адамдардың кеңесіне сенбеуге, жеке деректерін бермеуге және тек ресми ақпарат көздеріне жүгінуге шақырды.