Маңғыстау – Еуразия логистикасының алтын қақпасы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауын мұнайшы ретінде, осы өңірдің қара нарын көрген қария ретінде жүрекпен тыңдадым. Президент: «Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді. Логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән беру қажет», – деді.
Бұл – өте дұрыс, дер кезінде айтылған сөз. Біз маңғыстаулықтар мұны 50 жыл бұрын түсінгенбіз. Мұнайды өндіру бір бөлек, оны әлемге жеткізу – екінші мәселе. Сол сияқты, бүгінде елдің қуаты да тек жер астындағы байлықпен емес, жер үстіндегі жолмен, жүк тасымалымен, логистикамен өлшенеді. Президент тарихи мүмкіндікті айтты. Ол мүмкіндік – Маңғыстауда тұр. Мемлекет басшысы атап өткендей, қазірдің өзінде Қытайдан Еуропа құрлығына тасымалданатын жүктердің 85%-ға жуығы біздің аумақ арқылы өтуде. Осы 85%-дың жүрегі қайда? Ол – біздің Ақтау мен Құрық порттары. Қытайдан шыққан контейнер Бақты – Аягөз арқылы өтіп, Арал – Каспий жолымен келіп, ақыры Құрықтан кемеге тиеледі. Сондықтан Президенттің келесі жылы іске қосылатын «Бақты – Аягөз» теміржолы мен тамызда басталған «Арал – Каспий» күре жолы туралы айтқаны – біз үшін жай жол емес, бұл – Құрықтың болашағы.
«Арал – Каспий» жолы Транскаспий дәлізін 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізуді 3 күнге азайтады, – деді Президент. Бұл дегеніміз – ертең Құрық арқылы өтетін жүк екі есе көбейеді деген сөз. Біз енді жай тасымалдаушы емес, ұйымдастырушы болуымыз керек. Мемлекет басшысы осыны қадап айтты.
Мен ардагер ретінде айтамын: біз Маңғыстауда тек мұнай құбырына қарап отыратын заман кетті. Енді порттың айналасында не істеу керек? Президент «Көлік тораптарының айналасында жаңа өндіріс орындарын және сауда алаңдарын қалыптастыру маңызды», – деп дұрыс нұсқау берді. Құрық портының айналасында жүк қалыптастыратын, сұрыптайтын орталықтар, контейнер жасайтын, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеп, экспортқа дайындайтын өндіріс орындары ашылуы керек. Сонда ғана біз шетелдік логистикалық компанияларға жалтақтамай, өз отандық операторларымызды көтереміз.
Бельгияның Антверпен портымен әріптестік орнату туралы Президенттің бастамасы да Құрыққа – үлкен мектеп. Мен Жолдауды толық қолдаймын. Бұл Жолдау – Маңғыстау үшін, әсіресе Құрық үшін жаңа тарихи кезеңнің бастауы. Біз, ардагерлер, жастарға айтамыз: жол бар жерде – өмір бар. Логистика бар жерде – мемлекеттің болашағы бар.
Тұрсынғали КӨШЕНОВ,
Қазақстанның құрметті барлаушысы