Otpan News Logo

Мұнайлыда «Адал азамат» тұжырымдамасы талқыланды

|
30.01.2026 12:53
Мұнайлыда «Адал азамат» тұжырымдамасы талқыланды

Маңғыстау өңірінде ауылдық білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруді көздейтін «Адал азамат: ауыл мектебінің келешегі» атты республикалық семинар-тренинг өтті. 


Мұнайлы ауданындағы бұл жоба Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, «Ауыл» партиясының және Маңғыстау облысы әкімдігінің бірлескен бастамасымен жүзеге асырылуда. 


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында «Адал азамат» тұжырымдамасын негізге ала отырып, әділетті қоғамның негізін интеллектуалды әрі жауапкершілігі жоғары ұрпақ қалайтынын баса айтқан болатын.


Іс-шараның ашылу салтанатында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев ауыл мұғалімдерінің қоғамдағы айрықша рөліне тоқталды:

«Ауыл мұғалімі - ел ертеңін қалыптастыратын негізгі тұлға. Бүгінгі басқосу ұстаздардың кәсіби дамуына жаңа серпін беріп, ауыл мен қала мектептері арасындағы сапа алшақтығын жоюға септігін тигізеді. Облыс әкімдігі бұл бағыттағы игі бастамаларды әрдайым қолдауға дайын», - деп атап өтті ол.


Жиын барысында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Айгерім Сарсенбаева іс-шараның отбасы институтын нығайту мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын айқындап берді.


«Бұл жоба Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның басты міндеттерімен тікелей үндеседі. Біздің мақсатымыз - тек білім беру емес, баланың қауіпсіздігі мен рухани тәрбиесін қатар қамтамасыз ету. Ауыл мектебі- отбасы мен қоғамның алтын көпірі. Сондықтан әрбір ауыл баласының сапалы білім алуы және заманауи әлеуметтік қатерлерден қорғалуы – біздің ортақ міндетіміз», -деді ол.


Ал «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қуаныш Сейтжанов партияның ауылдық жерлердегі кадрлық әлеуетті дамыту стратегиясына тоқталды:

«Партиямыз үшін ауыл мектебін қолдау - стратегиялық басымдық. Біз ауылдық жерлердегі ұстаздардың кәсіби мәртебесін көтеру мен оларға әдістемелік жағдай жасауды басты назарда ұстаймыз. Мұндай семинарлар ауыл мұғалімінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өңірлердегі білім сапасын жүйелі түрде жақсартуға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді.


Семинардың күн тәртібі тек теориямен шектелмей, заман талабына сай ең өзекті тақырыптарды қамтыды. «Білім берудің жаңа парадигмасы: құндылық, сапа және даму» тақырыбындағы пленарлық отырыста «Qazaq Digital Mektebi» жобасы мен цифрлық технологияларды оқу үдерісіне енгізу мәселелері қызу талқыланды.


Жиынның екінші бөлімінде қатысушылар төрт секцияға бөлініп, төмендегідей маңызды бағыттар бойынша тәжірибе алмасты: Әлеуметтік тәуекелдермен күрес: Балалардың гаджеттерге тәуелділігі мен лудоманияның (құмар ойын) алдын алу; Цифрлық сауаттылық: Оқу үдерісінде Жасанды интеллект (AI) мүмкіндіктерін тиімді пайдалану; Киберқауіпсіздік: Мұғалім мен оқушының виртуалды кеңістіктегі қауіпсіздік мәдениеті; Жаһандық білім: Ауыл мұғалімдері мен түлектеріне арналған халықаралық бағдарламалар мен басқарудың икемді (Agile) тәсілдері.


Мұнайлыда өткен бұл семинар-тренинг – ауыл мектебінің жай ғана білім ордасы емес, заманауи технологиялар мен ұлттық құндылықтар тоғысқан үлкен орталыққа айнала алатынын дәлелдеді. Жиын соңында қатысушылар ауылдық білім сапасын арттыру бойынша нақты ұсыныстар пакетін әзірледі. Бұл жоба алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасын таппақ.

272
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!