Маңғыстауда діни радикализмнің алдын алу және сотталғандарды қоғамға бейімдеу мәселелері талқыланды
OTPANNEWS.KZ – Маңғыстау облысында мамандардың біліктілігін арттыру және сотталғандармен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру мақсатында семинар-тренинг өтті. Іс-шара Қоғамдық даму басқармасы мен облыстық дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды.
Жиында сотталғандардың діни радикалды көзқарастарды қабылдау себептері, олардың теріс діни ағымдардың ықпалына түсуінің алдын алу және жазасын өтеп жүрген адамдарды қоғамға қайта бейімдеу мәселелері талқыланды.
Семинарды республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, психолог әрі оңалту бағдарламалары бойынша ұлттық сарапшы Гүлназ Раздықова жүргізді. Ол қатысушыларға теріс діни ағымдардың ықпалына түскен адамдармен жұмыс істеу жолдарын түсіндіріп, сотталғандарды қоғамға бейімдеу бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
«Діни экстремизмнен зардап шеккен адамдармен жұмыс істеп жүргеніме он жылдан асты. Бүгінгі семинардың басты мақсаты – сотталғандармен жұмыс істеудің жаңа әдістерін түсіндіру. Іс-шараға теологтар, дін қызметкерлері мен психологтар қатысты. Оларға осы бағыттағы жаңа тәсілдер мен жұмыс жолдары таныстырылды. Сотталғандарға тек діни тұрғыдан ғана емес, патриоттық және психологиялық жағынан да қолдау көрсету қажет. Мен дайындаған әдістемелік құралда осы жұмыстардың негізгі бағыттары қамтылған. Оларды қоғамға қайта бейімдеу өте маңызды. Себебі жазасын өтеп шыққан адамдардың қайта қылмыс жасамай, жаңа өмір бастауына көмектесуіміз керек», – деді ол.
Семинар барысында сотталғандармен жұмыс істеуде психологиялық қолдаудың маңызына ерекше назар аударылды. Мамандарға теріс діни көзқарастардың алдын алу, адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнату және олардың қоғамға қайта қосылуына көмектесу жолдары түсіндірілді.