«Кітап оқитын ұлт»: Ұлттық ұлан сарбаздары әдебиет әлеміне саяхат жасады
OTPANNEWS.KZ. - Ұлттық ұланның 5548 әскери бөлімі Орталық қалалық кітапханамен бірлесіп әдеби-танымдық іс-шара ұйымдастырды. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.
Тағылымды кездесудің мақсаты – әскери қызметшілер арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, олардың рухани дүниесін байытып, отандық әдебиетке деген қызығушылығын арттыру.
Мәдени жиын барысында сарбаздар оқыған кітаптары туралы ой бөлісіп, әдеби шығармалардың мазмұны мен тағылымдық мәніне тоқталды. Сонымен қатар, Абай Құнанбайұлы, Мағжан Жұмабаев және Мұқағали Мақатаев сынды қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің өлеңдерін мәнерлеп оқып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
Кездесу барысында кітаптың адам өміріндегі орны мен рухани дамуға қосатын үлесі кеңінен насихатталды. Мұндай мәдени-танымдық шаралар әскери қызметшілердің ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, әдеби мұраға деген сүйіспеншілікті арттыруға ықпал етеді.
Айт кетейік, жиын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында өтті.