Otpan News Logo

«Мұнайдан 10 есе көп табамын»: Бұрынғы мұнайшы қалай табысты гидке айналды?

«Мұнайдан 10 есе көп табамын»: Бұрынғы мұнайшы қалай табысты гидке айналды?

Маңғыстауда мұнай саласынан туризмге ауысып, табысын еселеген мамандар қатары артып келеді. Солардың бірі – бұрын мұнай компаниясында қызмет етіп, соңғы 6 жылдан астам уақыт бойы туризмде жүрген гид-аудармашы Ерсұлтан Ислам. Қазақ, қытай, ағылшын, түрік, орыс тілін жетік меңгерген маман өңір туризмінің әлеуеті жоғары екенін айтады, деп хабарлайды otpannews.kz.


Ерсұлтан Исламның айтуынша, өңірдің туризмдегі әлеуеті кез келген мұнай кен орнынан асып түседі.


«Шынымен де бізде әлемде кездеспейтін жерасты , Бозжыра, Тұзбайыр, Қарынжарық сияқты көздің жауын алатын, сұлулығынан басың айналатын жерлерді көргенде, туризмнің әлеуеті бізде сұмдық екенін байқайсың. Бұл — өңірге келіп, таңданысын жасыра алмаған шетелдік қонақтардың пікірі. Әлемнің 30-40 мемлекетін аралаған саяхатшылар Маңғыстау табиғатының өзге ешбір елде баламасы жоқ екенін айтады. Менің ойымша, болашақта туризм саласы бізге екінші мұнай. Тіпті мұнай деп айтпай-ақ қояйын, мұнайдан да көп табыс алып келеді деп ойлаймын», - дейді Ерсұлтан Ислам.


Мұнай саласында тұрақты табысы болғанына қарамастан, Ерсұлтанның бұл таңдауына ішкі еркіндікке ұмтылыс себеп болған.


«Бір уақыттары мен тіпті жұмысқа сыймай кеттім. Біз, қазақ халқы — номад, көшпенділерміз. Көшпенділер ешқашан бір төртбұрышты қабырғаның ішіне сыймаған, сыймайды да», - дейді ол.  


Бұл қадам тәуекелді талап еткенімен, нәтижесі күткеннен де асып түскен. Мұнай компаниясындағы табысымен салыстырғанда, қазіргі туризмнен тауып жүрген пайдасы он есеге артқан. Бүгінде ол агрессивті жарнама жасамай-ақ, жылына орташа есеппен 100-150 шетелдік туристі қабылдап, оларға өлкенің бай тарихын таныстырып жүр. 


Сонымен қатар, маман саладағы түйткілдерді де жасырмады. Бүгінде шетелдік туристердің көбі өңірдің терең тарихына бойламай, тек Бозжырада суретке түсумен шектеліп жатады. Осы орайда шетел тілдерін меңгерген, тарихты тереңнен қозғай алатын сауатты гидтердің рөлі өте жоғары.


Ерсұлтан Ислам қазіргі уақытта қытай және ағылшын тілдерін білудің өзектілігі жоғары екенін айтады. Ол мемлекеттік деңгейде гранттар бөлуді көбейту қажет екенін алға тартып, шет тілін білетін сауатты азаматтарды осы салаға шақырды.

73
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!