Otpan News Logo

Жаңаөзен тумасы АҚШ-та табысқа жетіп, Tesla акциясын сатып алды

Жаңаөзен тумасы АҚШ-та табысқа жетіп, Tesla акциясын сатып алды

Жаңаөзеннің тумасы Ануарбек Иманбаев АҚШ-та жүріп жасанды интеллект саласында стартап құрып, Tesla компаниясының инвесторы атанған. Сонымен қатар ол компанияның басшысы Илон Маскпен және компанияның бірқатар жетекшілерімен достық қарым-қатынас орнатқан, деп хабарлайды otpannews.kz сайты ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.


Ануарбектің отбасы 1992 жылы Жаңаөзеннен АҚШ-қа қоныс аударған. Бұған әкесінің америкалық мұнай компаниясында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алуы себеп болған. Ол кезде Ануарбек небәрі тоғыз жаста еді.


Әкесінің жолын жалғаған ол мұнай саласында еңбек етіп, АҚШ-тың ірі жеке компанияларында жұмыс істеген. Кейін мұнай өнеркәсібіндегі IT технологияларымен айналысып, жасанды интеллект бағытында жеке стартапын іске қосқан.


2012 жылы әріптесінің көмегімен Ануарбек Иманбаев Илон Маскпен танысады. Сол кезде Масктың электромобиль шығаратын Tesla компаниясы енді ғана қарқын алып келе жатқан еді.


Фримонт қаласындағы зауытты аралағаннан кейін ол компанияның болашағына сеніп, барлық жинағын Tesla акцияларын сатып алуға жұмсаған. Кейін бұл шешімі өзін ақтап, компанияның жоғары басшыларымен және SpaceX командасымен жақын араласуына жол ашқан.


АҚШ-та 30 жылдан астам уақыт тұрса да, Ануарбек ана тілін ұмытпаған. Оның айтуынша, ата-анасы үйде тек қазақ тілінде сөйлеуді талап еткен.


Ол өзін әрдайым Жаңаөзеннің тумасы әрі қазақ екенін мақтанышпен таныстыратынын айтады. «Цукербергтің көршілерінде» жобасына берген сұхбатында шетелде жүрсе де ұлттық болмысты сақтаудың маңызын ерекше атап өткен.


«Бізді әкеміз ең алдымен патриот етіп тәрбиеледі. Кейбір адамдар есімімді айту қиын дейтін. Сонда мен «Бұл – ата-анам қойған есім. Мен оны мақтан тұтамын» деп жауап беретінмін. Қазақстандықтарға айтарым – өз еліңізді мақтан тұтыңыздар, өзге елге еліктеп, өз болмыстарыңызды жоғалтпаңыздар», – дейді Ануарбек Иманбаев.


Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан тумасы Санжар Әбішев Лондон қаласындағы Westminster City Council құрамына депутат болып сайланғаны хабарланған болатын.

10
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!