Ақтауда Ұлттық домбыра күніне орай жаңа туған сәбилерге домбыра сыйға тартылды
Ақтауда Ұлттық домбыра күні қарсаңында дүниеге келген сәбилерге қазақ халқының қасиетті аспабы - домбыра тарту етілді. Тағылымды іс-шара жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруді және рухани мұраны дәріптеуді мақсат етті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Мерекелік іс-шара аясында Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы, облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Аманкүл Жайылханова және кеңес мүшелері Айнахан Есетова, Зарета Фаталиева, Татьяна Мурадян Ақтау қаласындағы 26-шағынауданда орналасқан облыстық перинаталдық орталыққа арнайы барып, жас аналарды мерекемен құттықтады.
«Жомарт жан» орталығының қолдауымен ұйымдастырылған акция барысында жаңа туған нәрестелерге қазақ халқының киелі мұрасы саналатын домбыра мен «Айналайын» өсиет тақтасы сыйға берілді. Қонақтар сәбилердің дені сау, елінің мақтанышына айналар азамат болып өсуіне ақжарма тілектерін жеткізді.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген «Қоғамдық келісім» КММ басшысы, облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Аманкүл Жайылханова ұлттық домбыраның халқымыздың рухани болмысы мен ұлттық бірегейлігінің белнісі екенін атап өтті.
- Ұлттық домбыра күні - халқымыздың төл өнері мен рухани құндылықтарын ұлықтайтын ерекше мереке. Жыл сайын шілде айының алғашқы жексенбісінде аталып өтетін бұл күн қарсаңында Қоғамдық келісім мекемесі мен Аналар кеңесі жас аналарға, дүниеге келген сәбилерге домбыра сыйлауды игі дәстүрге айналдырды. Биыл да осы үрдісті жалғастырып, тарихи күнде - Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясы күшіне енген күні дүниеге келген сәбилерге қасиетті домбыра мен «Айналайын» өсиет тақтасын табыстадық. Бұл балалар елінің өркендеуіне үлес қосатын білімді, парасатты, елжанды азамат болып өссін деген ақ ниетіміздің белгісі. Болашақтары жарқын, ғұмырлары баянды болсын, - деді Аманкүл Жайылханова.
Кездесу соңында жас аналар ұйымдастырушыларға көрсетілген құрмет пен ыстық ықылас үшін ризашылықтарын білдіріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мұндай игі бастамалардың тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.