Маңғыстауда сирек кездесетін жыртқыш құстарды құтқару жобасы басталды
Маңғыстау облысында жарақат алған жыртқыш құстар мен Қызыл кітапқа енген сирек құстарды құтқаруға арналған табиғат қорғау жобасы іске қосылды, деп хабарлайды Otpannews.kz.
Жобаны Маңғыстау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысымен «Umit Mangistau» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатыр.
Жобаның басты мақсаты – жарақаттанған жабайы жыртқыш және Қызыл кітапқа енген құстарға дер кезінде көмек көрсету, оларды емдеп, оңалтудан өткізу және табиғи мекеніне қайта жіберу.
Қор жетекшісі Меруерт Лыткинаның айтуынша, Маңғыстау – көптеген құс түрі үшін маңызды көші-қон бағытының бірі. Жыл сайын өңір арқылы мыңдаған қоныс аударатын құс ұшып өтеді. Олардың арасында сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі бар түрлер де бар.
Өкінішке қарай, құстар электр желілеріне, көлікке немесе түрлі инфрақұрылым нысандарына соқтығысып жарақат алады. Кейбірі заңсыз аулаудың немесе әлсіреудің салдарынан көмекке мұқтаж болады. Жоба аясында мамандар жарақат алған құстарды қабылдап, тексеруден өткізеді, қажетті ветеринариялық көмек көрсетеді. Толық сауығып шыққан құстар қайтадан табиғатқа жіберіледі, – деді қор жетекшісі.
Жоба аясында экожүйенің тепе-теңдігін сақтауда маңызды рөл атқаратын жыртқыш құстар мен Қызыл кітапқа енген сирек түрлерге ерекше көңіл бөлінеді.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама тек құстарды құтқарумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға, биоалуантүрлілікті сақтауға және мемлекеттік органдар мен қоғамның өзара ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етеді.
Қор мамандары Маңғыстау тұрғындарын жарақат алған немесе әлсіреген жыртқыш не Қызыл кітапқа енген құсты көрген жағдайда өз бетінше көмек көрсетуге тырыспай, бірден мамандарға хабарласуға шақырады.
+7 (701) 820-44-39 (қоңырау немесе WhatsApp) немесе umit_mangistau Instagram парақшасына Direct арқылы да ақпарат беруге болады.
Жоба аясында өңірде кездесетін жыртқыш құстар мен Қызыл кітапқа енген қоныс аударатын құстар оңалтудан өтеді. Олардың қатарында ителгі, лашын, бүркіт, дала қыраны, аққұйрық субүркіт, үкі, құлақты жапалақ, қызғылт қоқиқаз, бұйра және қызғылт бірқазан, жорға дуадақ сияқты сирек кездесетін түрлер бар.