Маңғыстауда әйел-педагогтерге арналған робототехника және жасанды интеллект бойынша тегін оқыту басталды
Маңғыстау облысында әйел-педагогтерге арналған робототехника және жасанды интеллект бойынша тегін офлайн оқыту басталды. Бағдарламаға 300-ден астам мұғалім қатысуда, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Алғашқы сабақтар Ақтау, Шетпе, Жетібай және Бейнеу елді мекендерінде өтіп жатыр.
Педагогика ғылымдарының кандидаты Рахат Шуақбаева бағдарламаның мақсаты туралы айтып өтті.
- Бұл бағдарлама педагогтердің заманауи технологияларды меңгеруіне және оларды оқу процесінде тиімді қолдануына мүмкіндік береді. Қатысушылар робототехника, бағдарламалау, 3D модельдеу және жасанды интеллект бағыттары бойынша тәжірибелік білім алып, оны оқушыларға үйрету әдістерін меңгереді. Негізгі мақсат - инженерлік бағыттағы жаңа буын педагогтерін қалыптастыру, - деді Рахат Шуақбаева.
Оқыту STEM Hanym бағдарламасы аясында Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қоры мен ExxonMobil компаниясының қолдауымен USTEM Foundation қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда.
Айта кетейік, оқу 6-11 шілде аралығында Ақтау, Шетпе, Бейнеу, Жетібайда өтсе, 13-18 шілде аралығында Жаңаөзен қаласында өткізу жоспарланған.