Otpan News Logo

Маңғыстауда жоғалған үш тұрғынды іздеуге бейнеулік полицейлердің үлесі зор

|
08.07.2026 11:16
Маңғыстауда жоғалған үш тұрғынды іздеуге бейнеулік полицейлердің үлесі зор
Фото: Ашық дереккөзден

Маңғыстау облысында із-түзсіз жоғалған үш адамның аман-есен табылғаны белгілі. Бірнеше күнге созылған іздестіру жұмыстарына Бейнеу ауданының учаскелік полиция қызметкерлері де белсенді қатысып, жоғалғандарды табуға елеулі үлес қосты, деп хабарлайды otpannews.kz.


Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, үш тұрғын қасиетті Бекет ата жерасты мешітіне жолға шығып, кейін байланысқа шықпай қалған. Іздестіру барысында олардың автокөлігі Қыдырша ата аумағынан шамамен 35 шақырым қашықтықтағы жетуі қиын жерден табылған. Алдын ала болжам бойынша, көлік батпаққа батып қалған.


Іздестіру жұмыстары кезінде жоғалған азаматтарды алғаш болып Бейнеу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Нұржігіт Базарбаев пен Бауыржан Нұрмұханбетов анықтады.


Полицияның мәліметінше, табылған азаматтар дер кезінде Ақжігіт ауылына жеткізіліп, медициналық тексеруден өткен. Дәрігерлер олардың денсаулық жағдайын толық тексерген.


Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын Бекет ата жерасты мешітіне бет алған үш адамның хабар-ошарсыз кеткені туралы ақпарат тараған болатын. Іздестіру жұмыстарына құтқарушылар, полиция қызметкерлері, авиация және арнайы техника жұмылдырылып, кең ауқымды іздеу шаралары жүргізілді. Үйлесімді әрі жедел атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жоғалған үш азамат та аман-есен табылды.


 

 

41
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!